"Мұғалім қағазбастылықтан босатылды": Күн тәртібі қазір қаншалықты өзгерді?

"Мұғалім қағазбастылықтан босатылды": Күн тәртібі қазір қаншалықты өзгерді?

Мұғалімнің негізгі жұмысы – баланы оқыту. Алайда түрлі есеп, тізім мен әкімшілік тапсырмалар педагогтің назарын сабақтан басқа жаққа бұрып, кейде 45 минуттық сабақтың 15–20 минутын алып қояды. Білім саласының сарапшысы Құралай Байтажикова мектеп басшылары мұғалімді қажетсіз міндеттерден барынша босатуы керек екенін айтты, деп жазады Democrat.kz.

«Мұғалім қағазбастылықтан босатылды» деген мәселе білім саласында бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Алайда педагогтің негізгі жұмысына қатысы жоқ есеп пен шұғыл тапсырмалар мәселесі әлі де күн тәртібінен түскен жоқ.

Білім саласының сарапшысы, 33 жылдық педагогикалық тәжірибесі бар Құралай Байтажикова осы мәселені тағы көтерді.

Оның айтуынша, мұғалімнің ең құнды ресурсы – уақыт, күш-қуат және назар. Бірақ мектеп әкімшілігінен шұғыл есеп немесе тізім жасау туралы тапсырма түскен кезде педагогтің назары сабақтан басқа жұмысқа ауады.

«Қазір ұстаздарға “есепті тез бере қойыңыз” десе, сабақ қалады. Тез-тез тізім жасап, есепті беруге ұмтылатынымыз жасырын емес. Сол кезде 45 минуттық сабақтың 15–20 минуты текке кетіп қалады», – дейді Құралай Байтажикова.

Сарапшы мәселенің шешімін мектеп басшылығының жұмыс тәсілінен іздейді. Оның пікірінше, директор «мұғалімнен тағы қандай есеп аламын?» дегеннен бұрын, «қай есепті мүлде сұрамауға болады, қай жұмысты жылдамдатуға немесе жасанды интеллект көмегімен орындауға болады?» деген сұрақтарды қарастыруы керек.

Байтажикова мектеп басшысының негізгі көрсеткіші уақытында толтырылған есеп емес, оқушының сабақтан нақты не үйреніп шыққаны болуы керектігін айтады.

«45 минуттың әрбір минуты балаға қаншалықты пайдалы өтетінін ойлануымыз қажет», – дейді сарапшы.

Оның пікірінше, директордың міндеті – мұғалім баламен алаңсыз жұмыс істей алатын жағдай қалыптастыру. Өйткені мұғалімнің назары есепке, тізімге және басқа тапсырмаларға бөлінген сайын оның зардабын бірінші кезекте оқушы тартады.

Құралай Байтажикова бұған дейін де мектеп директорының оқушыға әсері көбіне мұғалім арқылы жүзеге асатынын айтқан. Директор білім беру стратегиясын қалыптастырып, мектептегі ахуал мен педагогтің кәсіби дамуына жағдай жасайды. Сондай-ақ ол мұғалімдердің бастамасын қолдау мектептегі жұмыс ортасына тікелей ықпал ететінін атап өткен.

Сарапшы әсіресе қыркүйек пен мамырды мұғалімдер үшін ең ауыр кезеңдердің қатарына жатқызады. Қыркүйекте оқу үдерісін қайта ұйымдастыру қажет болса, мамырда оқу жылының қорытындысымен байланысты жүктеме көбейеді.

Осылайша, мәселе есептің бар-жоғында ғана емес, мұғалімнің жұмыс уақытында оның негізгі міндеті – балаға сабақ беру ісінен қаншалықты жиі алаңдатылатынында болып отыр.

Барлық жаңалықтар