"Мұғалімдер мереке сайын премия ала ма?" сауалына қатысты Қаныбек Жұмашев мәлімдеме жасады

"Мұғалімдер мереке сайын премия ала ма?" сауалына қатысты Қаныбек Жұмашев мәлімдеме жасады
Бірнеше күннен бері әлеуметтік желіде "мұғалімдер мерекелік сыйақы алады" деген сөзімен қызу талқыға түскен Оқу ағарту министрлігі Орта білім беру комитетінің төрағасы Қаныбек Жұмашев мәлімдеме жасады деп жазады Democrat.kz.
 
Еске салып өтейік, екі күн бұрын ақпараттық порталымызда Қаныбек Жұмашевтің "мұғалімдер ресми мерекелерде премия алады" деген видеосы жарияланып, екі күн бойы әлеуметтік желіде қызу талқыланған болатын.
 
Оқу ағарту министрлігінің өкілі айтқан уәжбен келіспейтіндерін білдірген ұстаздар "ешқашан сыйақы алмадық" деп, реніштерін білдірген болатын.
 
Осы мәселеге байланысты Қаныбек Жұмашев өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: "Құрметті достар, педагогтер, әріптестер !!!
 
Қоғамдағы маңызды өзгерістер, әдетте, ашық диалог, сындарлы пікір алмасу және негізделген ұсыныстар арқылы қалыптасады.
 
Егер көптеген педагогтер мерекелік ынталандыру төлемдерін алу мәселесіне қатысты өз пікірлерін білдіріп жатса, бұл жағдайды сын немесе дау ретінде емес, педагогтерді қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған қоғамдық ұсыныстар мен өзекті сұраныстың көрінісі ретінде қарастырған жөн. Осы мәселе бойынша айтылған ұсыныстар жергілікті атқарушы органдар мен білім беру саласындағы уәкілетті құрылымдарға педагогтерді ынталандырудың тиімді тетіктерін зерделеуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жергілікті бюджеттердің мүмкіндіктері шеңберінде педагогтерге мерекелік ынталандыру төлемдерін енгізу мәселесін қарастыру, осы бағыт бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ педагогтердің кәсіби қызметін қолдауға бағытталған өңірлік бағдарламаларды іске асыру мүмкіндіктерін бағалау қажет.
 
Педагог еңбегін бағалау тек моральдық қолдаумен шектелмеуі тиіс, сонымен қатар нақты әлеуметтік және материалдық ынталандыру шараларымен қамтамасыз етілуі қажет.
 
Педагогтерді ынталандыру – бір реттік шара емес, мұғалім мәртебесін арттыруға, білім беру сапасын жақсартуға және сала мамандарына тұрақты қолдау көрсетуге бағытталған жүйелі мемлекеттік саясаттың маңызды құрамдас бөлігі.
 
Педагог еңбегіне көрсетілетін құрмет – елдің адами капиталы мен болашағына салынған инвестиция. Мұғалім қызметінің қоғамдық маңызы жоғары бағаланған жағдайда білім беру саласының беделі де артады. Осыған байланысты педагог мәртебесін нығайту, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту және кәсіби еңбегін лайықты бағалау – мемлекет пен қоғамның ортақ стратегиялық міндеттерінің бірі болып табылады. Айталық, педагогтерге пәтер кілттерін тапсыру, үздіктерге қаржылай қолдаулар көрсету жыл сайын өңірлерде орын алып жатады. Ендеше бұл жұмысты одан әрі күшейту, түрлендіру қажет деп есептеймін, әр өңір өзіндік ұстанымы болуы мүмкін, сонымен қатар кейбір мәселелерді нормативтік-құқықтық актілермен бекіткен дұрыс болар.
 
Неде болса алдағы уақытта осы бағытта нақты шаралар қабылдау қажеттілігі біз үшін түсінікті болды", - деп жазды. 
Барлық жаңалықтар