Мұғалімнің көнбістігі - ел ертеңіне қауіпті емес пе?

Мұғалімнің көнбістігі - ел ертеңіне қауіпті емес пе?

Жалпы, біз өмір сүріп отырған қоғамда мұндай мәселе болмаса, анау-мынауға ауыз ауыртпаған да болар едік. Менің өткендегі ҰБТ жайындағы жазбама біраз адам үн қосып: «ҰБТ жеке меншік тест орталығында өтеді. Оған мектеп мұғалімінің мүлде қатысы жоқ» — деп шынымен шырылдаса, біреулер: «ҰБТ-ны тест орталықтары өткізеді және сататын да солар» — деген сияқты уәждемелер жазыпы.

Итім біліп пе, шын мәнінде ол орталықтарда не болып жатқанын? Әзірге тек үлкен күдікке ілініп тұр демесең, көзің жетпеген нәрсені айту да күнә. Ақталушылар арасында сол «Сиесің бе?» деген мәселелі мәтінді «Сенімсіздеу дүние екен…» — деп жатқандар да болды. Не дерің бар, оқу-білім жүйесіндегі шодырайып тұрған келеңсіздік атаулыны күнде көріп жүрсе де, көрмегендік танытатындарға тәнтіміз.
Жалпы, мұғалімдер қауымын жаппай әрі орынсыз күстаналауға мен де қарсымын. Бірақ бүгінгі білім жүйесіндегі көктемдегі көбелі мұздың астымен жылыстап ағып жатқан қызыл судай бармақ баспай, көз қыспай әдет түбі ұлтты орға жығып тынатыны анық.
Сол үшін де бұған ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір тұсау салынуы тиіс. Біле білсек, қазіргі жастар мектепті айтпағанда, орта немесе жоғары оқу орындарына деген сенімнен жұрдай бола бастағаны сондай, бірыңғай өздерін дамыту жолына шыққан. Мейлі сен қандай уәж айтсаң да: «Білім жоқ!» — деген біржақты, қысқа жауап аласың. Осы сансыз «жоқтың» жауабын кім біледі? Бұл жайдың шет-шепірін бір білсе, ата-аналар қауымы білуі тиіс, әрине. Жалпы, қазіргі оқу-білім жүйесіне деген жаппай сенімсіздік көрінісі осыдан-ақ аңғарылады. Ал «Бізде бәрі керемет!» деушілердің де бақай есептеріне береке берсін. Маған кіржиіңкіреп қалған кейбіреулердің орағытқан ортақ ойларын тұжырсақ, ол жерге, яғни тест алатын орталыққа мектеп мұғалімі кіре алмайды екен. Иә, ол жұрттың бәріне әуелден белгілі жайт қой. Демек, бұл жағдайға мұғалім кінәлі емес! Жақсы, сол сөзді қатты қаласаңдар солай-ақ бола қойсын, тап солай болғанына тілекшіміз. Бұл тарапта біз де еш нәрсені түбегейлі терістегелі отырған жоқпыз.
Ендеше әңгімені беріден емес, сәл әріден үңгісек. Он бір жыл бойы бағып-қағып, шама-шарқын бақылап, қабілет-қарымын танып, сауат-салмағын таразылап, талант-талабын зерделеп, одан не күтіп-күтпеуге болатынына дейін бағамдалған оқушының тағдырын ең шешуші кезеңге жеткен кезде неге жеке меншік тест орталығы шешуі тиіс?
Жалпы, осының жайын ойланып көрдік пе? Иә, мұның жауабына қатысты да мың сылтау айтылатыны анық. Өйткені мұғалімнің үстінде мектеп директоры, аудандық һәм облыстық білім басқармасы, министр тұр.
Бәлкім мына әбден мүйіз болған мәселенің тетігі соларда шығар? Осының жайын күн тәртібіне көтеріп, он бір жыл көз алдыңда отырған баланы тек сен ғана бағалай алатының жайындағы өте өзекті жайтты мұғалім мектеп басшылығына, ол аудандық білім бөліміне, олар облысқа, ондағылар білім министіріне жеткізіп, ұлттың алтын бесігі — мектеп жүйесін жөндеуге не кедергі болып отыр сонда? Шынымен де мұғалім кінәлі емес шығар. Бірақ нағыз көнбістер де өзге емес, солардың арасында болып тұр ғой.
Бас көтеріп, сөзін айта алмаса, ұлттың болашағын тәрбиелеп отырғанын сезінбесе, бүгін солардың алдын көріп, тәлімін түйіп шыққан оқушы ертең қоғамдық құрылыс маманына айналатынын түсінбесе кім-кімнің де кінәлі болғаны мен болмағанынан не пайда, қандай қайыр? Ал жылда ең жоғары көрсеткішке иелік етіп дәніккен, өткізіліп жататын түрлі деңгейдегі шаралардың алдын бермеуді әдетке айналдырған кейбір мектеп басшылары қолдан жасап отырған кәдуілгі қитұрқы әрекеттерді қара халық білмейді деп ойлай ма?
Осындай жүйенің қалыптасуына және мүлтіксіз әрі кедергісіз жұмыс жасап тұруына кім кінәлі? Мұғалім он бір жыл бойы қан сорпасы шығып оқытып, тәрбиелеп, білім береді, ал шешуші сәт таянғанда ҰБТ үдерісі жеке орталықтардың билігіне оңай өте салатыны қалай?
Тап осы жерден қандай логика көріп отырсыз, мынадай білім жүйесімен қайда барамыз, кім боламыз, келешек не істеп, не қоямыз? Бір сәт, бұлдыр бүгінің болмаса да ұрпағыңның жарқын болашағы үшін ел болып ойланып көрейік те. Қанша дегенмен күн еңкейген жердің бәрі кеш екенін түсінетіндей болдық емес пе? Берік ЖҮСІПОВ, қоғам белсендісі. Фото көрнекілік үшін.
Барлық жаңалықтар