"Мұғалімнің мына сөздері баланы суицидке итермелемей ме, не сұмдық мынау?" деген танымал журналист сұмдық жайтты айтты

"Мұғалімнің мына сөздері баланы суицидке итермелемей ме, не сұмдық мынау?" деген танымал журналист сұмдық жайтты айтты
Танымал журналист Мәриям Әбсаттар мектептегі буллинг мәселесіне қатысты мәселе көтеріп, өз баласының басынан өткен жағдайды баяндады деп жазады Democrat.kz.
 
"Күнде үйге жарқылдап күліп кіретін қызымның бүгін жүзі сынық... Онысын есіктен кіріп, сұлқ отыра кеткенінен-ақ байқадым. Көпке дейін үн қатпады.
 
Асүйде едім, кірмеген соң өзім шықсам, қып-қызыл боп ісіп кеткен көзі мен мұрнын көріп, шошып кеттім.
- Әмина, қызым, не болды?
- Мама, мені басқа мектепке ауыстырыңызшы, мына сыныпқа менің енді қайтып кіргім келмейді!
 
Буллинг жасалғанын бірден білдім. Бірақ кім екен дедім соншалық жанына жара салған.
- Үздік деп әлдеқандай қылып іліп қойыпты суретіңді. Оған дым лайық емессің! Отыр - екі, даже одан да хуже, -2. А, еще Фридомнан қашан ақша түседі деп жүр екенсің, күтпей-ақ қой!"
 
- Масқара, осы сөздерді басқа емес, апайы, кәдімгі педагог деген атты алып жүрген үп-үлкен адам айтыпты. Кіп-кішкентай балаға!
 
Мен негізі қызымның сабағын үнемі қадағалап отырамын. Оның қай сабақтан қалай оқитынын, қандай қабілеті барын, мінезін, бәрін бес саусақтай білем.
Өте намысшыл екенін де білем.
 
Ол бәрін өзі істейді, менің көмектескенімнің өзін ар санайды. Тек түсінбей жатқанын сұрайды. Математика сияқты пәндерден. Ал әдебиет, ағылшын тілі дегендерді менсіз-ақ өзі орындай береді.
 
Сөйткен қызыма осындай ауыр сөз айтқаны үшін одан бұрын менің жаным ауырып кетті. "Қап!" дедім. Десе де, өзіне білдірмей, "қызым, еңсеңді түсірме. Мұғаліміңмен өзім сөйлесем" - дедім.
 
Сөйттім де, дереу қоңырау шалдым, әрине, ол мойындамады. Бірақ мен қызымның өтірік айтпайтынын білем. Ал бұл мұғалім негізгі класс жетекшісі емес, уақытша апайының орнына беріп жүрген адам екенін білем.
 
 "Балаға ұрысқыңыз келсе, жеке өзін алып қалып айтсаңызшы, жарайды, көңіліңіз толмайды екен. Бірақ көптің көзінше мазақ еткеніңіз қалай? Мынауыңыз - қып-қызыл буллинг қой?!" , - дедім болды, артық оның намысына тиетін сөз айтқаным жоқ.
 
Бірақ қатты ойланып қалдым. Мұғалім деген қандай еді біздің кезімізде?!. Әр баланың мінезін, оның отбасылық жағдайын, қабілет-қарымын біліп, ұрысса да, сабаққа қатысты қана ескерту айтумен шектелуші еді.
 
 Ал қазір кім көрінген сабақ беретін боп кеткен бе? Әлде, тәрбие дегенді ұрысу, намысына тию деп ұға ма? Мұндай сөзбен "адам өлтіруге" болады ғой?
 
 Не үшін суицид көбейіп кетті десем /құдай бетін аулақ қылсын/ осындай мұғалімдер барда, бұзақылар да керек емес қой деген ойға қалдым. Сіздер не дейсіздер?"деп жазды Мәриям Әбсаттар. 
Барлық жаңалықтар