"Мұны мойындаңыз, Ринат мырза!" деген журналист депутатты сынға алды

"Мұны мойындаңыз, Ринат мырза!" деген журналист депутатты сынға алды

Белгілі журналист Ербол Мәндібек «Азаттық» радиосына берген сұхбатында марапат алған әріптестеріне сын айтқан Мәжіліс депутаты, ақын Ринат Зайытовтың пікіріне ашық жауап берді, деп мәлімдейді Democrat.kz.

Оның айтуынша, журналистерді мұқатып, марапатты менсінбеу – арзан популизм мен жауапкершіліктен жалтарудың бір көрінісі.

«Кімнің тарысы піссе, соның тауығы» деген сөзің тәпішкені теріс киген баладай болыпты», – дейді Ербол Мәндібек өз жазбасында.

Ол Ринат Зайытовтың кезінде өзі де мемлекеттік марапат иесі болғанын еске салып өтті. Тіпті «Құрмет» ордені мен «Мәдениет саласының үздігі» медалін алғанын, ал сол марапаттарды кезінде қол соғып құттықтаған да – осы журналистер қауымы екенін алға тартты.

«Сізді көрге қарыс қалғанда төрге сүйреп, төсіңізге медаль таққан мемлекет емес пе? Парламенттің партасына отырғызған да – осы мемлекет. Ендеше, неге сол мемлекеттің ақпараттық саясатын жүргізіп жүрген журналистерді тұқыртасыз?» – дейді ол.

Ербол Мәндібек қазіргі геосаяси жағдайда мемлекеттік ақпарат саясатының маңыздылығына тоқталып, оны жүргізіп жүрген журналистерді айыптаудың орынсыз екенін баса айтты. Оның ойынша, ақпараттық алаңдағы тұрақтылық – мемлекеттің қауіпсіздігі мен біртұтастығы үшін аса қажет құрал.

«Мемлекеттік ақпараттық саясат болмаса, қоғам қырық пышақ болар еді. Себебі бүгінгі соғыстар қарумен емес, ақпаратпен басталып жатыр. Бұны сіз менен жақсы білесіз. Елден ұрлап қашып, шетелден іріткі салып отырған өз қандасыңды қоспағанда, өзге жауға қайтпексің?» – деп сауал тастады журналист.

Мақаласында ол Ринат Зайытовты заң шығаратын орган мүшесі ретінде сөзден іске көшіп, ақпарат саласындағы жүйені өзгертуді ұсынады. Егер бұл сала ұнамайтын болса, нақты қадам жаса деп ескертеді.

«Ақпарат құралдарының аясы ұнамаса, неге заң шығарып, өзгеріс жасамайсыз? Шәрменді шамаңыз жетпейді. Ендеше, медаль алған журналисті тауыққа теңеу – тым ауыр әрі орынсыз», – дейді ол.

Барлық жаңалықтар