Сауд Арабиясының әуе қорғанысы Мекке қаласының оңтүстігінде ұшып келе жатқан дронды жойды. Сауд тарапы оны Йемендегі хуситтер ұшырғанын және аппарат қасиетті қаланың жабық әуе кеңістігіне бағыт алғанын мәлімдеді. Хуситтер Меккені нысанаға алғанын жоққа шығарды.
Оқиға 15 қыркүйек, сейсенбі күні жергілікті уақытпен шамамен 18:50-де болған, деп жазады Democrat.kz Arab News және Reuters мәліметтеріне сүйеніп. Сауд Арабиясы бастаған әскери коалицияның хабарлауынша, ұшқышсыз аппарат Меккенің оңтүстігінде, қаланың шектеулі әуе кеңістігіне кірмей тұрып атып түсірілген.
Йемендегі коалиция өкілі генерал-майор Турки әл-Малки қасиетті қалалар мен қажылардың қауіпсіздігін «қызыл сызық» деп атады.
«Екі қасиетті мешіт пен олардың зияратшыларының қауіпсіздігі – қызыл сызық», – деген ол коалиция хуситтердің мұндай әрекеттеріне қарсы «қажетті тежеу шараларын» қабылдайтынын мәлімдеді.
Сауд тарапы бұл Меккені нысанаға алуға бағытталған екінші әрекет деп отыр. Ресми Эр-Риядтың мәліметінше, бұған дейін 2017 жылғы 27 шілдеде де хуситтер Мекке бағытына баллистикалық зымыран ұшырған.
Алайда хуситтер бұл жолы да Сауд Арабиясының айыптауын мойындамады. Қозғалысқа қарасты әскери дереккөз Мекке немесе басқа да діни орындарды нысанаға алу туралы мәлімдемені «үзілді-кесілді» жоққа шығарған.
Оқиға аймақтағы шиеленіс күшейіп тұрған тұста болды. Reuters мәліметінше, соңғы күндері Сауд Арабиясының бірнеше аймағында хуситтердің зымыран және дрон шабуылдарына байланысты қауіпсіздік дабылдары жарияланған. 15 қыркүйекте Мекке, Жидда және Таиф өңірлерінде де ескерту берілген.
Ислам ынтымақтастығы ұйымы Мекке мен Мәдина өңіріне бағытталған шабуылдарды айыптап, қасиетті орындарға қауіп төндіруді жол беруге болмайтын әрекет деп атады. Ұйым Сауд Арабиясының өз аумағы мен қасиетті орындарды қорғау шараларын қолдайтынын мәлімдеді.
Мекке – ислам әлемінің басты қасиетті қаласы. Мұнда Қағба орналасқан және жыл сайын қажылық пен умра үшін әлемнің түкпір-түкпірінен миллиондаған мұсылман келеді.
Сондықтан Мекке маңында әскери дронның пайда болуы тек Сауд Арабиясының қауіпсіздігіне қатысты оқиға емес. Ол Йемендегі соғыстың қасиетті қалалар орналасқан аумаққа қаншалық жақындағанын көрсететін қауіпті белгіге айналып отыр.