Жетісу облысы, Алакөл ауданының мектептің мұғалімі Гүлмира Керімбаева өзіне жасалған қысымдар мен әділетсіздікке байланысты Президенттен көмек сұрап, үндеу жасады деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде тараған видеосында ұстаз Керімбаева Гүлмира: "Тоқжайлау мектебінің ұстазымын. Президент мырза, сізге мектебімізде болып жатқан күрделі жағдайларға байланысты көмек сұрап, жүгінуге мәжбүрмін.
Ұстаз ретінде жүйелі түрде психологиялық қысымға ұшырап жүрмін. Соның салдарынан өзіме қол салдым да. Аталған жағдайларға қатысты қолымда нақты дәлелдерім бар.
Өзімнен бөлек, кәмелеттік жасқа толмаған қызым да менің қызым болғаны үшін көптеген қысымға ұшырауда", деп өзі жұмыс істейтін мектеп ішінде кемсітушілік, түрлі қысымдар жүйелі түрде жүретінін айтады.
Сонымен қатар, ұстаз мектептерінде білім сапасы төмен екенін, үлгерімі нашар оқушылармен дұрыс жұмыс жүргізілмейтінін айтып: "Бағалау процестері қысым мен келісім арқылы жүреді. Бұл туралы басшылыққа айтқанымнан еш нәтиже болмады.
Осыған байланысты Алакөл аудандық Білім бөлімінің басшысы Ибраимова Әсел Садуақасқызын, Тоқжайлау мектебінің директорын, оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары Шыбынтаева Жазираны қызметінен босатуды сұраймын"дейді.