«Мұғалімнің айлығы көп» дейтіндерге бастауыш сынып педагогі өз еңбегінің шынайы бағасын айтып жауап берді. Педагог-сарапшы санатындағы ұстаз күн сайын 24 оқушының 48 дәптерін тексергені үшін небәрі 187 теңге алатынын мәлімдеді. Оның айтуынша, сабақ беруден бөлек, сынып жетекшілігі, есеп-қисап, түрлі платформалар мен ата-аналардың талаптары мұғалімнің уақытын да, күш-қуатын да сарқып жатыр. Жазба астында әріптестері де үн қатып, бірі мамандығынан кеткенін айтса, енді бірі бастауыш сынып мұғалімдеріне миллион теңге жалақы берілсе де артық емес екенін жеткізді, деп жазады Democrat.kz.
Әлеуметтік желіде бастауыш сынып мұғалімінің еңбекақысы мен күнделікті жұмыс жүктемесіне қатысты жазба қызу талқыланып жатыр.
Өзін педагог-сарапшы санатындағы бастауыш сынып мұғалімі ретінде таныстырған желі қолданушысы «мұғалімдердің айлығы көп» дейтіндерге нақты мысал келтірген.
Оның сөзінше, мұғалімнің жұмысы мектепте сабақ өткізумен аяқталмайды. Керісінше, сабақтан кейін де жалғасатын міндеттер аз емес.
«Мұғалімнің зарплатасы көп дейтіндер жақсылап оқып алыңыздар. Педагог-сарапшымын. Бастауыш сынып мұғалімімін. Аптаның 5 күнінде дәптер тексеремін. Көркем жазуы бар. Тапсырмалары бар. Бағасы бар, кері байланысы бар. Жалпы 24 оқушының 48 дәптерін тексергенім үшін күніне 187 теңге аламын», – деп жазған мұғалім.
Бір күнде 48 дәптер тексеруге қанша уақыт кететінін есептемегеннің өзінде, педагог көрсеткен 187 теңге әлеуметтік желідегі талқылаудың басты тақырыбына айналды.
Бұл — мұғалімнің өзі келтірген есеп. Оның қандай төлем мөлшеріне сүйеніп шығарылғаны жазбада толық ашылмаған.
«Сынып жетекшілігі үшін күніне 340 теңге аламын»
Педагог дәптер тексеруден бөлек, сынып жетекшілігіне төленетін ақыға да тоқталған.
Оның айтуынша, сынып жетекшісі оқушылардың тізімін жасаудан бастап, электрондық платформаларды толтыруға, ата-аналармен байланысуға және түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға дейін көптеген міндет атқарады.
«Ал сынып жетекшілікке келейік: сыныптың тізімін жасайсың, 1040 платформаны толтырасың, жұмыстан кейін де ата-ананың сөйлесуге тура келеді кейде, әр тоқсан сайын жиналыс өткізесің, оның өзін күштеп өткізу керек», – деп жазған ол.
Мұғалім өз жазбасының жалғасында жоғары сыныптарға жақындаған сайын ата-аналардың да талабы көбейетінін айтқан.
«Әйтпесе 3-4 сыныпта балалары бар ата-аналар осуждать етіп отырады, өзін үшін істейсің, өзің сабағын кейде 2 сабақ болса да, оқушыларын үшін жүресің, столовыйға апарасың, тағысын тағы кете береді. Ал енді осы сынып жетекшілікке күніне 340 теңге алады екенмін. Мен сияқтылар бар ма? Осындай үлкен еңбегі көп, бірақ төлемі аз жұмыс жасап уақытымды құртып жүрген жоқпын ба деймін кейде....» – деген педагог.
Оның бұл сөздерінен сынып жетекшілігіндегі жауапкершілік пен қосымша ақы арасындағы алшақтыққа наразылық байқалады.
Мұғалімнің айтуынша, балалардың тамақтануын қадағалау, ата-аналармен сөйлесу, жиналыс өткізу, құжат толтыру сияқты жұмыстар оның күнделікті уақытының едәуір бөлігін алады.
«Күніне 48 дәптер аз ба?»
Жазба астында басқа педагогтер де өздерінің күнделікті міндеттерін тізіп, жұмыстың көптігіне шағымданған.
Пікір білдірушілердің бірі бастауыш сынып мұғалімдерінің жүктемесі дәптер тексерумен шектелмейтінін атап өткен.
«Күніне 48 дәптер аз ау, қб тапсырмалар, диктант дәптер, көркем жазу, күнделік тексереміз. Апта сайын тәрбие сағаты отчет, олимпиадалар, ай сайынғы іс-шаралар, жарыстар, ашық сабақтар... Күнделікті қмж, білім класс, көрнекіліктер», – деп жазған ол.
Мұғалім бұған қоса, ресми қызметкерлердің бір күндік табысымен салыстыру жасаған.
«Бармен, официанттардың өзі күніне 15 мыңнан жоғары табады екен қазір», – деген пікір қалдырған.
Әрине, әр мамандықтың өзіндік қиындығы мен табыс құрылымы бар. Дегенмен педагогтердің бұл салыстыруы олардың өз еңбегіне төленетін ақыны жеткіліксіз санайтынын көрсетеді.
«Артық жұмыстан шаршап, мұғалімдіктен кеттім»
Пікірталаста ең көп назар аудартқан жазбалардың бірі — мамандығын тастап кеткен бастауыш сынып мұғалімінің сөзі.
«Өте орынды жазғаныңыз. Тек сабақ қана беріп қойсаң қандай тамаша. Өтeң артық жұмыстар өте көп. Сол себепті де мен де жұмыстан шығып кеткен жайым бар (бастауыш сынып мұғалімімін)», – деп жазған ол.
Жазба авторы да оған:
«Сол шығып кеткім келіп жүр...» – деп жауап берген.
Бұл қысқа жауап педагогтің жұмысынан қаншалықты қажығанын аңғартады.
Әңгіме тек еңбекақының мөлшерінде емес. Жұмыс көлемінің ұлғаюы мен қосымша міндеттердің көбеюі мұғалімдердің мамандыққа деген көзқарасына да әсер етіп отырғаны байқалады.
«Бастауыш мұғаліміне миллион теңге берілсе де артық емес»
Жарияланымға пікір білдіргендердің арасында мұғалім еңбегін жоғары бағалағандар да бар.
Олардың бірі бастауыш сынып ұстаздарына төленетін жалақы әлдеқайда жоғары болуы керек деген пікір айтқан.
«Бастауыш мұғалімдердің айлығы 1-миллион болса да екі қолымды көтеріп қолдаймын, баланың мектепке бейімделуі, фундамент құйып береді», – деп жазған желі қолданушысы.
Бұл пікірге жауап берген жазба авторы бірінші сынып мұғалімдерінің еңбегіне ерекше тоқталған.
«Иә, дұрыс айтасыз. Бізде қазір 1-сынып оқытып жүрген мұғалімдер сағат 8-ден 11-ге дейін сабақ береді. Бірақ барлық энергиясы жоқ жүргенін көресің кейде. Себебі, 1 сөзді болсын, 4-5 сөйлем болсын, барлық оқушыға кезекпен кезек айтып түсіндіріп отырады. Дәптерге күнде тапсырма жабыстырып отырады», – деген ол.
Бастауыш сыныпта балаға әріпті таныту, жазуға үйрету, оқу дағдысын қалыптастыру және мектеп тәртібіне бейімдеу қатар жүреді.
Пікір иелері бұл еңбектің күрделілігі жалақы мөлшерінде ескерілуі керек деп есептейді.
«Салондағы қыздар күніне жүз мың табады, ал мұғалім ше?»
Талқылауда педагогтердің табысын сұлулық саласындағы мамандардың табысымен салыстырған пікір де жарияланған.
«Осының алдында салондағы қыздардың табысы туралы пост оқып келдім, сезонында күніне 100К, мейк-ап мастерлер 25 майда бір күнде 1млн-нан аса табады екен. Дұрыс, еңбегіне алып жатыр, оларға қарсылығым жоқ. Бірақ кейде ойлап қоямын, мұғалім болмағанымда ғой деп», – деген желі қолданушысы.
Ол мұғалімдерге деген қарым-қатынас пен қызмет көрсету саласындағы мамандарға көрсетілетін сыйластықтың айырмашылығына да назар аударған.
«Не бір рахметі жоқ, не бір қырып ақша тауып жатқан жоқпыз. Ешe бізге келіп бүкіл претензиясын айтып, дікендеп тұратын ата-ана, салондағы қыздардың алдына барғанда сыпайыланып, "тойым бар еді, істеп бере қойшы" - деп жалынып тұратынын білемін», – деп жазған ол.
Бұл пікірде мұғалімнің табысы ғана емес, қоғамдағы қадір-қасиетіне қатысты өкпе де бар.
«Мұғалім 15–17 сағаттан кейін ғана үйіне қайтады»
Педагогтердің күнделікті жұмысын сипаттаған тағы бір пікірде мұғалімдердің кешке дейін мектепте жүретіні айтылған.
«Оның үстіне, бастауыш сынып мұғалімі 15-16-17 сағатпен ғана жүреді. Ал жұмысы морально да, физический де шаршатып жібереді. Физический шаршағаның ұйықтап тұрғаннан кейін басылар. Ал морально шаршау....» – деп жазған желі қолданушысы.
Мұнда аталған уақыттың сабақ сағаты ма, әлде мектептен қайту мезгілі ме екені анық көрсетілмеген. Дегенмен пікірдің негізгі өзегі — бастауыш сынып мұғалімдерінің психологиялық және дене жүктемесінің ауырлығы.
Мұғалімнің еңбегі шынымен қалай бағаланып жүр?
Әлеуметтік желідегі осы пікірталаста педагогтер бір-біріне ұқсас мәселелерді көтерген.
Дәптер тексеру, сабақ жоспарын әзірлеу, тәрбие сағаттарын ұйымдастыру, ата-аналармен жұмыс істеу, электрондық платформаларды толтыру және түрлі іс-шараларға қатысу — мұның бәрі мұғалімнің күнделікті қызметінің бір бөлігі.
Ал ұстаздардың наразылығы осы міндеттердің жалпы көлемі мен оған төленетін ақының сәйкестігіне байланысты.
Жазба авторы бір күндік дәптер тексеру ақысын 187 теңге, ал сынып жетекшілігінің бір күндік төлемін 340 теңге деп есептеген.
Бұл сандардың ресми төлем тәртібіне қаншалықты сәйкес келетіні бөлек тексеруді қажет етеді. Алайда олар педагогтің өз еңбегіне берген бағасы мен алатын ақысының арасындағы қайшылықты айқын көрсетіп отыр.
Ең алаңдатарлығы — пікірталаста мұғалімдердің мамандықтан кету туралы ашық айта бастауы.
Бірі артық жұмыстан қажып, қызметін тастап кеткен. Екіншісі де сол шешімге жақындап жүргенін жасырмайды.
Ал бастауыш сынып мұғалімінің орнын толтыру тек жаңа қызметкер табумен шектелмейді. Өйткені алғашқы сыныптарда баланың білімге деген көзқарасы, оқу дағдысы мен мектепке бейімделуі қалыптасады.
Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік желідегі бір мұғалімнің 187 теңге туралы жазбасы әлдеқайда ауқымды мәселені қозғап отыр.
Мұғалімнің уақыты, еңбегі мен жүйкесіне түсетін салмақ шынымен әділ бағаланып жүр ме?
Бұл сұраққа жауапты тек педагогтердің өзінен емес, білім саласын басқарып отырған жауапты мекемелерден де күтуге негіз бар.
