Әлеуметтік желіде мектепке келген тексерушілерді шай ішіп отырған мультфильм кейіпкерлеріне теңеген әзіл сурет кең тарады. Жазбаға пікір қалдырғандар мектепте комиссия күтуге қатысты бұрынғы естеліктерін айтып, бірі тексерушілерге дастарқан жаюды еске алса, енді бірі комиссия келер алдында ақша жиналғанын жеткізді, деп жазады Democrat.kz.
Threads әлеуметтік желісінде жарияланған бір сурет мектептегі тексеру жұмыстарына қатысты әзілге ұласты.
Желі қолданушысы «Мектепке келген комиссия тексеріс соңында» деген жазумен дастарқан басында шай ішіп отырған мультфильм кейіпкерлерінің суретін жариялаған.
Суретте аю, екі қасқыр және торай дастарқан басында жайғасып, шай ішіп отыр.
Жарияланым 71 мыңнан астам қаралым жинап, алты мыңнан астам ұнату белгісіне ие болған.
«Олар тек шай ішу үшін келетін еді»
Жазба астындағы пікірлерде оқырмандар мектепте комиссия күткен кездерін еске алды.
«Солар тек шай ішу үшін келетін еді», – деп жазғандардың бірі.
Тағы бір желі қолданушысы бұрын комиссия келер кезде ақша жиналғанын айтқан.
«Кезінде комиссия келеді деп 100-150тг осы үшін жиналатынғой», – деген ол.
Ал басқа оқырмандар мектептердегі ғана емес, өзге мекемелердегі тексерулерді де осы суретке ұқсатқан.
Бір пікірде:
«Ауруханаға келген комиссия да дәл солай», – делінген.
«Папам мектеп директоры болған»
Пікірлердің арасында ерекше назар аудартқаны — әкесі мектеп директоры болған оқырманның естелігі.
Ол бала кезінде мектепке комиссия келетінін қуана күтетінін айтып берген.
«Менің папам мектеп директоры болды. Мектепке комиссия келеді десе жыным келетін еді. Не үшін? Өйткені, олар біздің үйге келеді. Ал, оларға дастархан әзірлеу керек. Сабақта отырғанымда папам мұғалімнен сұрап алмаса екен деп, тілеп отыратын едім», – деп жазған ол.
Оқырманның айтуынша, кейде әкесі оны сабақ үстінен үйге шақыртып алған.
«Соңында сыныптың есігі ашылады да, апай, Заринаны папасы қайтарсын деп жатыр дегенді естігенде, через не хочу шығатын едім класстан», – деп еске алған.
Бұл әңгімеге өзге оқырмандар да әзілмен жауап берген.
Бірі:
«Аю шай құйып жатқан, ана шошқа директор, ана екі қасқыр комиссия», – деп суреттегі кейіпкерлерге рөл бөліп берген.
Енді бірі:
«Мектеп ❌
Любой организация ✅», – деп жазып, мұндай әзілді басқа мекемелердегі тексерулерге де қатысты қолданған.
Жарияланым астындағы пікірлердің басым бөлігі күлкі белгілерімен жазылған.
Осылайша, бір мультфильм суреті желі қолданушыларының мектептегі комиссия күту, дастарқан дайындау және тексерушілерді қарсы алу туралы естеліктерін ортаға салуына себеп болды.
