"Сабақ бермегендер қаржысын қашан қайтарады?" деп белсенді ұстаз сұрау салды

"Сабақ бермегендер қаржысын қашан қайтарады?" деп белсенді ұстаз сұрау салды

Белсенді мұғалім Тілекқабыл Нұрышов Серебряков мектебіне қатысты хабарларда 49 миллион және 57 миллион теңге деген екі түрлі сома аталғанын жазды. Ол осы қаражаттың қашан қазынаға қайтарылатынын сұрап, №44 мектептегі еңбекақы төлемдері туралы да мәселе көтерді, деп жазады Democrat.kz.

Нұрышов Facebook-тегі жазбасында Ақжарқын Мұтиғоллақызына жүгініп, әкімдікте өткен қабылдауды еске салды.

«Сонда сабақ бермегендерге төленген қаражат қайтарылады деген жауап айтылған болатын. Әлі күнге дейін ресми жауап алмадым», – деп жазды мұғалім.

Педагог Серебряков мектебіне қатысты Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің дерегі мен БАҚ-тағы хабарларды атап, жоғалды делінген қаражатқа кім жауапты екенін сұрады.

№44 мектепке қатысты Нұрышов директор мен штаттағы қызметкерлердің сенбі күні жұмыс істемесе де, сол күнге еңбекақы алғанын жазды. Ол бұл төлемдердің қашан қазынаға қайтарылатынын білгісі келеді. Мұғалімнің айтуынша, өз шағымы бойынша жүргізілген аудиттен кейін қазынаға бір миллион теңгеден астам қаражат қайтарылған. Нұрышов мектеп директорының неге әлі қызметінде отырғанын да сұрады.

Педагог жұмыстан шығарылғаннан кейін өзіне 300 078 теңге аударылғанын, осы төлем үшін есепшіге ескерту берілгенін айтты.

«Есепшінің жазығы қандай? Табель, тарификация, бұйрық дегендерге бірінші басшы (директор) жауапты емес пе?» – деп жазды Нұрышов.

Ол Әлихан Смайыловтан осы мәселелерге назар аударуды сұрап, жазбасында Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мен Оқу-ағарту министрлігін белгіледі. Сондай-ақ Бауыржан Бектұрған мен Қуаныш Шарафутдиннің осы сауалдар бойынша жиын өткіземіз дегеніне бірнеше ай өткенін жазды.

Барлық жаңалықтар