«Күндіз сабақ береді, түнде бала іздейді»: Мұғалімдерді рейдке шығаруды кім тоқтатады?

«Күндіз сабақ береді, түнде бала іздейді»: Мұғалімдерді рейдке шығаруды кім тоқтатады?

Қазақстанда мұғалімдерді сабақтан кейін көшелерді, саябақтар мен ойын-сауық орындарын аралап, жасөспірімдерді іздеуге міндеттеу мәселесі қайта көтерілді. Әлеуметтік желіде педагогтердің түнгі рейдтерге мәжбүрлі түрде қатысатыны туралы шағымдар жарияланды. Оқу-ағарту министрлігі мұндай міндеттеудің заңға қайшы екенін ескертсе де, мектептерде осы тәжірибенің сақталғаны туралы деректер бар, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда педагогтерді кәсіби міндетіне қатысы жоқ жұмыстардан босату туралы заң қабылданғанына жеті жылға жуықтады. Алайда мұғалімдердің түнгі уақытта көшелер мен ойын-сауық орындарын аралап, кәмелетке толмағандарды іздеуге шығатыны туралы шағымдар әлі де айтылып келеді.

Бекасыл есімді желі қолданушысы мұғалімдердің жұмыс уақытынан тыс кезде кафе, ойынхана, клубтар мен көшелерді аралап, оқушыларды іздеуге міндеттелетінін айтып, наразылық білдірген.

Ол мұғалімнің міндеті бала оқыту ма, әлде көшедегі тәртіпті қадағалау ма деген сұрақ қойған. Сондай-ақ үйінде кәмелетке толмаған балалары бар педагогтердің өз отбасын қалдырып, түнде өзгенің баласын іздеуге шығуы қаншалықты орынды екенін көтерген.

Жарияланым астында пікір білдірген мұғалімдер де осындай рейдтерге қатысқанын жазған.

Ал кейбірі кезекті міндетті әжуалап, мұғалімдерге сабақ берудің өзі есеп тапсыруға кедергі болып бара жатқанын мысқылдаған.

Түн ортасына дейін парк аралаған мұғалімдер

Мұндай жағдайға қатысты нақты дерек бұған дейін Талдықорғанда да жарияланған.

2026 жылдың мамырында қаладағы №27 мектеп-гимназия педагогтерін қоғамдық орындардағы рейдтерге қатыстыру туралы құжат әлеуметтік желіге тараған.

NewTimes.kz мәліметінше, құжатта мұғалімдердің кезекшілігі үш кезеңге бөлінген: сағат 15:00–18:00, 18:00–21:00 және 21:00–00:00.

Кезекшілік орындары ретінде Орталық саябақ, Ардагерлер саябағы, «Қызыл тас» жағажайы мен Жастар саябағы көрсетілген. Құжатта жауапты мұғалімдердің есімдері де жазылған.

Алайда мәселе жария болғаннан кейін кейбір педагогтер мұндай құжатты алғаш көргенін мәлімдеген.

Талдықорған қалалық білім бөлімі де мұғалімдердің рейдке тартылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.

Білім бөлімінің түсіндіруінше, мұндай шараларды тиісті өкілеттігі бар мемлекеттік органдар жүргізуге тиіс. Ал педагогтерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға болмайды.

Дегенмен бұл Қазақстан мектептерінде түнгі рейд ұйымдастыру тәжірибесі мүлде болмағанын білдірмейді.

Мәселен, Алматы облысындағы Алтынбике Бертаева атындағы орта мектептің сайтында 2024 жылғы 14–16 желтоқсан күндері педагогтер мен мектеп әкімшілігі түнгі рейдтерге қатысқаны туралы ақпарат жарияланған. Онда кезекшілік сағат 21:00-ден түнгі 00:00-ге дейін жүргізілгені көрсетілген.

Яғни түнгі рейдтерге мұғалімдердің қатысуы жөніндегі мәліметтер тек әлеуметтік желідегі шағымдармен шектелмейді.

Министрлік не дейді?

Оқу-ағарту министрлігі Stan.kz сауалына берген жауабында педагогтерді кәсіби міндеттеріне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынғанын мәлімдеген.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның 6-бабына сәйкес, заңда тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, мұғалімдерді өз мамандығына жатпайтын жұмыстарға міндеттеуге болмайды.

Заң талаптарын бұзған лауазымды адамдарға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 409-бабы бойынша жауапкершілік қарастырылған.

Министрліктің түсіндіруінше, мұндай құқықбұзушылық алғаш анықталғанда ескерту беріледі. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталанса, лауазымды адамға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы мүмкін.

Мұғалімдер мұндай жағдайға тап болғанда аумақтық білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментіне шағымдануға құқылы.

Баланы қорғау міндеті неге түнде мұғалімге жүктеледі?

Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігіне ешкім дау айта алмайды.

Түнгі уақытта көшеде ересектердің қарауынсыз жүрген жасөспірімдерді анықтау, құқықбұзушылықтың алдын алу, қауіпті жағдайларға жол бермеу — маңызды міндет.

Бірақ оны кім атқаруға тиіс?

Қазақстанда мұндай профилактикалық іс-шараларды ювеналды полиция қызметкерлері жүргізеді.

Мәселен, биыл қазан айында Ақтауда «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылды. 24–31 қазан аралығында полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандар болуы мүмкін қоғамдық орындарды тексерген.

Ал Алматы полициясы жүргізген рейдтердің бірінде балалардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруіне байланысты 40 дерек тіркелген.

Бұл — құқық қорғау органдарының кәсіби қызметінің бір бөлігі.

Мұғалім де балаларға құқықтық тәрбие беруге, қауіптің алдын алуға және оқушының қауіпсіздігіне қатысты белгілі болған мәліметтерді құзырлы органдарға жеткізуге тиіс.

Алайда мектептегі тәрбие жұмысын түнгі уақытта полицияның міндетін атқарумен шатастыруға болмайды.

Әсіресе мұғалімнің жұмыс күні аяқталғаннан кейін қоғамдық орындарды аралауға мәжбүрленуі оның еңбек және тынығу құқықтарына қатысты сұрақ туғызады.

Өз баласын үйде қалдырып, өзгенің баласын іздеуге міндетті ме?

Бұл мәселенің көпшілік назарынан тыс қалып жүрген тағы бір қыры бар.

Түнгі рейдке шығатын мұғалімнің де отбасы, балалары, жеке тіршілігі бар.

Ол таңертең сабақ беріп, түстен кейін құжат толтырып, кешке ата-аналармен сөйлесіп, түнде саябақ аралауға шықса, келесі күнгі сабағына қандай жағдайда келеді?

Мұндай жұмыс уақыты қалай есептеледі? Педагогтің қауіпсіздігіне кім жауап береді? Түнгі рейд кезінде төтенше жағдай болса, оны кім қорғайды? Жұмыс уақытынан тыс атқарылған міндетке ақы төлене ме?

Бұлар жай ғана тұрмыстық сұрақтар емес. Мұғалімнің еңбек құқығына тікелей қатысты мәселелер.

Оның үстіне, рейд барысында жасөспірім құқықбұзушылық жасаса, мұғалімнің оны тоқтатуға немесе жауапқа тартуға полиция қызметкеріндегідей өкілеттігі жоқ.

Ендеше мұғалімнің түнгі рейдтегі нақты міндеті қандай?

Егер тек оқушыларды танып, мәлімет беру үшін қатыстырылса, мұндай жұмысты ұйымдастырудың басқа тәсілі жоқ па?

Заң мұғалімді қорғай ма, әлде қағаз жүзінде ғана қала ма?

2026 жылғы өзгерістерден кейін «Педагог мәртебесі туралы» заңда мұғалімдер мен мектеп басшыларының жауапкершілігіне қатысты маңызды норма пайда болды.

Заңның 6-бабының 4-тармағына сәйкес, педагог пен білім беру ұйымының басшысы оқушылардың басынан өткен оқиғалар үшін өздерінің кәсіби қызметін жүзеге асыру кезеңінде, соның ішінде лауазымдық міндеттерін орындау барысында ғана жауапты болады.

Бұл норманың мәні ерекше.

Мұғалімнің кәсіби жауапкершілігі шексіз емес. Оқушының мектептен тыс өміріндегі әр әрекетін педагогтің мойнына артуға болмайды.

Бала түнде көшеде жүрсе, ең алдымен оның заңды өкілдерінің жауапкершілігі және құқық қорғау органдарының тиісті міндеттері қаралады.

Әрине, педагог өз еркімен қоғамдық профилактикалық шараға қатысуы мүмкін. Бірақ ерікті қатысу мен мектеп басшылығының тапсырмасымен міндетті түрде шығудың арасында үлкен айырмашылық бар.

Қазір білім саласында мұғалімдерді қағазбастылықтан босату, кәсіби беделін қорғау, қосымша міндеттерін қысқарту туралы жиі айтылады.

Алайда түнгі рейдтерге қатысты жарияланған деректер бұл бастамалардың мектептерде қаншалықты орындалып жатқанын қайта тексеру қажеттігін көрсетеді.

Егер мектеп директоры мұғалімге түн ортасына дейін саябақ аралауды тапсырса, мұндай бұйрықтың құқықтық негізі ашық көрсетілуге тиіс.

Ал заңда негізі жоқ жұмысқа мәжбүрлеу анықталса, оған жауапты лауазымды тұлғаның әрекетіне құқықтық баға берілуі қажет.

Мұғалімнің міндеті — оқушыға білім беру, тәрбиелеу, оның мектептегі қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау.

Ал түнгі көшелердегі қоғамдық тәртіпті сақтау — кәсіби өкілеттігі бар органдардың жұмысы.

Сондықтан Оқу-ағарту министрлігіне қойылатын басты сұрақ мынау: педагогтерді өз міндетіне жатпайтын жұмыстарға тартуға заңмен тыйым салынған болса, түнгі рейдке шығатын мұғалімдер туралы шағымдар неге әлі тоқтамады?

Мұғалімнің мәртебесін қорғау оның мойнына жүктелген заңсыз міндеттерді нақты тоқтатудан басталуға тиіс.

Барлық жаңалықтар