"Мектептегі "Алтын белгі" ұрлау схемасы": Заңгер сұмдық жағдайды әшкерелеп берді

"Мектептегі "Алтын белгі" ұрлау схемасы": Заңгер сұмдық жағдайды әшкерелеп берді

Заңгер Асыл Дәркембайұлы мектеп бітірушіге берілген аттестатқа қатысты дау көтерді. Оның айтуынша, түлек eGov пен Ұлттық білім беру деректер қорында «Алтын белгі» иесі болып тіркелген. Ал қолына дәл сол нөмірмен үздік аттестат берілген, деп жазады Democrat.kz.

«Алтын белгіні қалай ұрлайды?» деген жазумен жарияланған видеода Дәркембайұлы құжаттағы айырмашылық аттестат тапсыратын кезде белгілі болғанын айтты. Оның сөзінше, электронды жүйеде түлектің мәртебесі «Алтын белгі» иесі деп көрсетілгенімен, қолына тиген құжатта «үздік аттестат» деп жазылған.

Дәркембайұлының мәлімдеуінше, мектеп басшылығы мен білім бөлімі жауапты қызметкерлерге ескерту берумен шектелген. Ол дау шыққан соң электронды жүйедегі деректі өзгертуге әрекет жасалғанын да айтты. Видеода осы жайттарға байланысты Қылмыстық кодекстің 385, 206 және 361-баптарын атады.

Оқу-ағарту министрлігі бекіткен тәртіп бойынша мектеп үздік аттестат пен «Алтын белгі» аттестатын сериясы мен нөмірін көрсете отырып, бөлек есепке алады. Аттестат беру туралы педагогикалық кеңес шешімінің күні де тіркеу кітабына жазылады.

Дәркембайұлы видеода мектептің атауын атамаған. Аттестат пен электронды жазбаны салыстыруға мүмкіндік беретін құжаттар және мектеп пен білім бөлімінің ресми түсініктемесі ашық дереккөздерден табылмады.

Педагогикалық кеңес түлекке қандай аттестат беру туралы шешім қабылдаған? Электронды жазба кейін өзгертілсе, оны кім, қашан және қандай негізбен өзгерткен?

Барлық жаңалықтар