Қарағанды облысында полиция, ҰҚК және прокуратура ірі мефедрон зертханасының жұмысын тоқтатты. Тергеу есебі бойынша табылған шикізаттан екі тоннаға дейін есірткі немесе шамамен екі миллион бір реттік доза өндіруге болатын еді, оның ықтимал қара нарықтағы құны 40 млрд теңгеге бағаланған, деп жазады Democrat.kz.
Операция трансұлттық қылмыстық топқа қатысты жүргізілген.
Тергеу нұсқасы бойынша оның мүшелері Қазақстан мен көршілес мемлекеттердің аумағында аса ірі көлемде есірткі және психотроптық заттар өндірумен айналысқан.
Арнайы операция кезінде 48 және 28 жастағы екі ер адам ұсталды.
Полиция мәліметінше, үлкені жаңа қатысушыларды тартып, олардың әрекетін үйлестірген. Екіншісі зертхананың жұмысын ұйымдастырып, есірткі өндіру процесін жүргізген деген күдікке ілінді.
Тінту кезінде көлемі 50 тонна болатын өнеркәсіптік цистерна табылған. Оның ішінде шамамен 16 тонна пайдаланылған өнім мен сұйықтық болған.
Цистернадан алынған он литр сынамада сараптама 1 келі 723 грамм мефедрон анықтаған.
Мамандардың алдын ала есебі бойынша тәркіленген шикізаттан шамамен екі тонна дайын есірткі өндіруге болатын. Бұл екі миллионға жуық бір реттік дозаға тең.
Күдіктілер қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр.