2026 жылдың басынан бері Қазақстанның жергілікті жолдарынан алынған 15 мыңнан астам материал үлгісі зерттеліп, олардың 32 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмейтіні анықталды. Бұған қоса жолдардағы анықталған ақаулардың шамамен 90 пайызы әлі түзетілмеген, деп жазады Democrat.kz.
Ұлттық жол активтері сапасы орталығы жыл басынан бері жергілікті жол желісіндегі 15 мыңнан астам сынаманы зерттеген.
Зертханалық тексеріс олардың 32%-ы талапқа сәйкес келмейтінін көрсетті.
Мамандардың айтуынша, зертханалық бақылау сапасыз материалды жол толық салынып біткенге дейін анықтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, жергілікті жолдардан 1 997 технологиялық бұзушылық пен ақау табылған.
Соның небәрі 214-і жойылған. Қалған 1 783 ақау, яғни шамамен 90%-ы әлі түзетілмеген.
2024–2026 жылдары жергілікті атқарушы органдар тексеру барысында сәйкессіздік анықталған 1 127 жол нысанын қабылдап қойған.
Енді жергілікті жол желісі бойынша үш жылдық іс-шаралар жоспарын әзірлеу көзделіп отыр.