Қазақстанның төлем нарығында қазан айынан бастап лицензиямен жұмыс істейтін жаңа санаттағы компаниялар пайда болады. Ал шілдеде іске қосылған бірыңғай QR мен телефон нөмірі арқылы төлем жүйесінде қазірдің өзінде шамамен 400 млрд теңгелік 20 млн операция жасалған, деп жазады Democrat.kz.
Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit барысында Ұлттық банк Қазақстан төлем нарығының жаңа архитектурасын таныстырды.
2026 жылғы қазаннан бастап «бірінші санаттағы төлем ұйымдары» деген жаңа реттелетін қатысушылар енгізіледі. Олар Ұлттық банктің лицензиясымен жұмыс істеп, төлем қызметімен қатар кейбір банк операцияларын атқара алады.
Бұл ұйымдарға капитал, цифрлық инфрақұрылым және киберқауіпсіздік бойынша күшейтілген талап қойылады.
Сонымен бірге 19 шілдеден бері жұмыс істейтін банкаралық мобильді төлем жүйесі де жылдам өсіп келеді. Телефон нөмірі арқылы аударым және бірыңғай QR көмегімен 20 млн-нан астам операция жасалып, олардың жалпы сомасы 400 млрд теңгеге жуықтаған.
Қазақстан мен Өзбекстан ұлттық төлем жүйелері де QR-кодтарды өзара қабылдау бойынша меморандумға қол қойды. Жоба іске асса, қазақстандықтар Өзбекстанда өз банк қосымшасымен, ал өзбекстандықтар Қазақстанда QR арқылы төлем жасай алады.
Ұлттық банк сонымен бірге 2026–2027 жылдары цифрлық теңгемен жасалатын операциялар көлемі 2 трлн теңгеге дейін жетуі мүмкін екенін хабарлады.