Қазақстанда тоғыз ай ішінде тіркелген қылмыс саны 15 пайызға азайды. Интернет-алаяқтықтан зардап шеккен азаматтарға 6,5 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылып, 187 млн жалған және алаяқтық қоңыраудың жолы кесілген, деп жазады Democrat.kz.
Бұл мәліметті Ішкі істер министрі Ержан Саденов Президентке баяндады.
ІІМ дерегі бойынша тоғыз айда қылмыс деңгейі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 15%-ға төмендеген. Бұл шамамен 11 мың құқық бұзушылыққа аз.
Интернет арқылы жасалатын қылмыстар 21%-ға азайған.
Полиция 8,7 мың алаяқтық және фишингтік интернет-ресурсты бұғаттаған.
Сонымен қатар 187 млн жалған және алаяқтық телефон қоңырауы тоқтатылған.
Жәбірленушілерге 6,5 млрд теңгеден астам қаражат қайтарылған.
Бейнебақылау және цифрлық жүйелер арқылы іздеуде жүрген 2,2 мыңнан астам адам анықталған.
Жол-көлік оқиғалары 5%-ға, жол апатынан қаза болғандар саны 16%-ға, жарақат алғандар 7%-ға азайғаны хабарланды.