Қазақстанда зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қою ұсынылды

Қазақстанда зейнетақы жинақтары есебінен сатып алынған тұрғын үйді сатуға шектеу қою ұсынылды

Қазақстанда біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен сатып алынған баспананы сатуға шектеу енгізілуі мүмкін. Бұған қаржы мониторингі агенттігі анықтаған зейнетақы қаржысын "жылжымайтын мүлік сатып алу" желеуімен заңсыз шешіп алу фактілері себеп болды деп жазады Democrat.kz. сайты Тengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

"Отбасы банк" компаниясының мәліметінше, біржолғы зейнетақы төлемдері бойынша жүргізілген талдау барысында бір пәтердің бірнеше рет түрлі адамдардың атына сатып алынған жағдайлар анықталғаны айтылды.

"Бұл жерде тікелей заң бұзушылық жоқ, себебі қолданыстағы ережелерде мұндай жағдайға қатысты шектеу қарастырылмаған. Алайда мұндай тәжірибе зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалуына және тұрғын үй бағасының жасанды түрде қымбаттауына әкелуі мүмкін", – делінген банктің хабарламасында.

Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін "Отбасы банк" индустрия және құрылыс министрлігіне қолданыстағы ережелерге өзгеріс енгізуді ұсынды. Атап айтқанда, банк біржолғы зейнетақы төлемдері арқылы сатып алынған тұрғын үйді бес жыл ішінде сатуға тыйым салуды көздеп отыр.

"Қарапайым тілмен айтқанда, егер қазақстандық азамат зейнетақы жинағы есебінен баспана сатып алса, ол пәтерді бес жыл бойы сата алмайды. Бұл спекуляциялық мәмілелердің алдын алып, зейнетақы қаражатының мақсатты пайдаланылуын қамтамасыз етуге көмектеседі", – деп түсіндірді компаниядағылар.

Сонымен қатар мәселе әлі қаралу үстінде, түпкілікті шешім қабылданған жоқ. Заңда мүлікке шектеу қоюдың нақты жағдайлары көрсетілген, ал біржолғы зейнетақы төлемдері есебінен алынған тұрғын үй бұл санатқа кірмейді.

"Зейнетақы жинағының артығын тұрғын үй сатып алу үшін мерзімінен бұрын шешіп алуға толық тыйым салу туралы мәселе күн тәртібінде тұрған жоқ", – деп атап өтті банк өкілдері.

Айта кетейік, 15 қыркүйектен бастап Қазақстанда зейнетақы жинақтарын стоматологиялық қызметтерге төлеу үшін пайдалану уақытша тоқтатылды. Бұл шешім тиісті өтініштерді рәсімдеу кезінде жүйелі заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін қабылданды.

 

Барлық жаңалықтар