Сабақ үстінде оқушыдан балағат сөз естігенін айтқан мұғалім оқушының кейін өзін «ұрды, қинады» деп айыптағанын жазды. Педагог директорға барып, камера жазбасын қарауды талап еткен. Одан кейін баланы мектептен шығаруды сұраған. Threads-тегі бұл жазба мұғалімнің қорғансыздығы мен мектептегі даудың қалай шешілетіні туралы өткір мәселе көтерді, деп жазады Democrat.kz.
Threads желісіндегі damiongr2026 парақшасының авторы жетінші сыныптағы сабағында болған оқиғаны баяндаған. Оның айтуынша, сыныпта бала көп болған. Алдыңғы қатардағылар сабаққа ден қойса, артта отырған екі оқушы әңгімелесіп, күле берген.
Мұғалім сабақты қайта-қайта бөлгісі келмей, бастапқыда үндемегенін жазады. Кейін тапсырма беріп, екі оқушыға бірнеше рет ескерту жасаған. Олар тынышталмаған соң, артқа барып, екеуінің иығын қысқанын да өзі айтады. Сол сәтте бір оқушы балағат сөз айтып, партаға жата кеткен.
Автор мұндай жағдайға алғаш рет тап болғанын, не болғанын түсінбей, біраз тұрып қалғанын жеткізеді. Оның сөзінше, өзге оқушылар мұғалімді қорғап шыққан.
Педагог сабақтан кейін директорға баратынын, камера жазбасын қаратып, ата-анасын шақыртатынын айтқан. Алайда артынша оқушының өзіне зиян келтіріп қоюынан қорқып, сабақты жалғастырғанын жазады.
«Ішім алай-дүлей, жылағым кеп өзімді ең қорғансыз адам сезіндім», — дейді автор.
Оқиғаның осы тұсы мұғалімнің қандай күйде қалғанын аңғартады: өзі қорланғанын айтып отырса да, ескертуінің балаға қалай әсер ететінін ойлап алаңдаған. Сабақ жалғасқанымен, педагогтің ішкі күйзелісі басылмаған.
Сабақ біткенде мұғалім әлгі оқушыны тоқтатып, сыныпта алып қалған. Жазбада қалған балалардың шығып кеткені, екеуінің жеке қалғаны айтылған. Автордың сөзінше, оқушы тағы да балағат сөз айтып, кетуге ұмтылған.
Сол кезде сынып жетекшісі кірген. Мұғалімнің айтуынша, оқушы жылап, оны «ұрды, соқты, жалғыз алып қалып қинады» деп айыптаған. Ал сынып жетекшісі бірден баланың сөзін сөйлеген.
Педагог үшін сабақ үстіндегі балағаттан кейінгі осы айыптау одан да ауыр тиген. Ол директорға кіріп, инспектор мен ата-анасын шақыртып, камера жазбасын қарағандарын жазады. Автордың айтуынша, соңында оқушының анасы жылап кешірім сұраған.
Автор оқушыны мектептен шығаруды талап еткенін жасырмайды. Кейін өзін «мектептен оқушыны шығарып жіберді» деген атағы бар мұғалім ретінде сипаттап, балалардың одан сескенетін болғанын жазған.
«Оқудан шыққаны сабақ болсын! Еш өкінбеймін», — дейді ол қосымша жазбасында.
Мұғалімнің түсіндіруінше, бала оңаша сөйлескен кезде қателігін түсініп, кешірім сұраса, болған жағдайды кешіруге дайын тұрған. Бірақ өзін ұрды деп айыптағанын кешіре алмаған. Автор мұны жауапсыз қалдырса, оқушының әрекеті одан әрі өршуі мүмкін деп есептейді.
