Танымал актер әрі ақын Рамазан Амантай әлеуметтік желідегі парақшасында күтпеген мәлімдеме жасап, денсаулығына байланысты шұғыл түрде арықтауға кірісетінін айтты, деп жазады Democrat.kz.
Өнер иесінің айтуынша, дәрігерлік тексерулерден кейін оның қазіргі денсаулық жағдайы қатты алаңдаушылық тудырған.
«Егер дәл осы сәттен бастап өмірімді қолға алмасам, 36 жасымда өмірім тоқтауы мүмкін. Шегінерге жол жоқ. Дәрігерлерге қаралдым, толық тексеруден өттім. Нәтижесін көрген соң бүгіннен бастап өзімді қолға алмасам болмайтынын түсіндім», — деді ол.
Рамазан Амантай денсаулықтың Алланың аманаты екенін атап өтіп, өзгелерді де өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырды. Сондай-ақ артық салмақты жинау оңай болғанымен, оны тастау өте қиын екенін жасырмады.
Ал өнер иесінің жаттықтырушысының айтуынша, Рамазанның қазіргі жағдайы өте алаңдатарлық. Мамандар оның инфаркт немесе инсульт алу қаупі жоғары екенін ескерткен. Денедегі артық май барлық ішкі ағзаларға қысым түсіріп отырғаны айтылды.
Қазіргі таңда Рамазан Амантайдың салмағы 161 келіні құрайды. Яғни, шамамен 70 келіге жуық артық салмағы бар.
Бұл мәлімдеме желі қолданушылары арасында кең қолдау тапты. Оқырмандар өнер иесіне сәттілік тілеп, денсаулығын тезірек қалпына келтіруіне тілек білдіруде.