Ресей әскерінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен азамат елден шығарылды

Ресей әскерінен қашып, Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өткен азамат елден шығарылды

Ресей Қарулы күштеріндегі қызмет орнын тастап кеткен әскери қызметші Қазақстан шекарасын өткізу бекетін айналып өтіп заңсыз кесіп өткен. Оны ҰҚК қызметкерлері ұстап, сот Қазақстаннан шығарып жіберу туралы шешім қабылдады, деп жазады Democrat.kz.

Істі Батыс Қазақстан облысындағы Бөкейорда аудандық соты қараған.

Сот анықтағандай, шетел азаматы Ресей Қарулы күштерінде әскери қызмет атқарған және 2025 жылдың шілдесінде қызмет орнын өз бетімен тастап кеткен. 

2026 жылдың мамырында ол картографиялық сервистер арқылы Қазақстанға заңсыз өтетін бағытты алдын ала зерттеген.

Ер адам шекара қоршауы мен белгілеріне қарамастан, ресми өткізу пунктінен тыс жерде Қазақстан аумағына кірген.

Одан кейін Оралға, кейін Таразға барған. Сол жерден үшінші мемлекетке кетуді жоспарлағанымен, ҰҚК қызметкерлері оны ұстаған.

Сотта ол кінәсін толық мойындады.

Сот 865 мың теңге айыппұл және Қазақстаннан шығару жазасын тағайындады. Алайда рақымшылық заңына байланысты айыппұлдан босатылып, елден шығарылды. Оған Қазақстанға бес жыл бойы қайта кіруге тыйым салынды.

Сот актісі заңды күшіне енген. 

Барлық жаңалықтар