«Сабағыңды өтпесең, үстіңнен арыз жазам»: Әлеуметтік желіде завучтардың әрекеті қызу талқыланды

«Сабағыңды өтпесең, үстіңнен арыз жазам»: Әлеуметтік желіде завучтардың әрекеті қызу талқыланды

Әлеуметтік желіде мектеп директорларының оқу ісі жөніндегі орынбасарлары — завучтардың мұғалімдермен қарым-қатынасы қызу пікірталасқа айналды. Ұстаздар арасында «сабаққа рұқсатсыз кіреді», «арызбен қорқытады», «қағаз сұрай береді» деген шағымдар айтылса, екінші тарап жақсы завуч мұғалімге тірек болуы керектігін жазған, деп жазады Democrat.kz.

Пікірталас «Сабағын өтпейтін завуч: “Үстіңнен арыз жазам!” дейді... қағаз апарып берейін бе?!» деген жазбадан кейін өрбіген.

Жазба астына пікір қалдырған мұғалімдердің бір бөлігі кейбір мектептерде завуч пен мұғалім арасындағы қарым-қатынас тым күрделеніп кеткенін айтыпты.

Бір пікір иесі:

«Сабақ өткізу оның завучтығынан жоғары тұрмай ма? Сабақ өткізбей лауазымын пайдаланып жүрсе, өзінің үстінен арыз жаз», – деп жазған.

Тағы бір қолданушы кей мектептерде басшылық құрамындағылардың өздеріне бекітілген сабақтарды мүлде өткізбейтінін алға тартқан.

Ал Сабираш Сариева есімді желі қолданушысы жас мұғалімдердің кейде әкімшілік қысымға шыдамай, жұмыстан кетуге дейін баратынын жазды.

«Мерекелерде, оқу жылының басында майлап тұрмаса, тиісіп-тиіскен соңында жұмыстан өз еркімен кетуге дейін жеткізеді», – дейді ол.

Мұғалімдердің бірі сабағына басшылық өкілінің рұқсатсыз кіріп, оқушыларға ескерту жасаған жағдайды еске алған. Ал тағы бір пікірде:

«Завучқа кім көрінгенді қоя бермейді ғой негізінде. Сабақты жақсы беретін, жаңашыл, өз қатарында беделді, бәрімен тіл табыса алатын адамды қою керек», – деген ой айтылған.

Пікірлердің арасында завучқа тек сын айтумен шектелмей, бұл қызметтегі адамның мұғалімге үлгі болып, ұжыммен тіл табыса білуі тиіс екенін жазғандар да бар.

Әлеуметтік желідегі бұл талқылаудан байқалғаны — мәселе тек «завуч сабақ өте ме, өтпей ме?» деген сұрақпен шектелмейді. Мұғалімдер мектеп ішіндегі басқару мәдениеті, әкімшілік қысым, сабаққа араласу, арызбен қорқыту және жас мамандарға жасалатын қарым-қатынасты да қатар көтеріп отыр.

Бұл пікірлер нақты бір мектепке немесе барлық завучқа ортақ баға емес. Дегенмен ондаған мұғалімнің ұқсас мазмұндағы шағым жазуы мектеп әкімшілігі мен педагог арасындағы қарым-қатынас мәселесінің әлі де өзекті екенін көрсетіп отыр.

Барлық жаңалықтар