Актер Алмат Сақатов мемлекеттік атақ алу үшін әлеуметтік желіде белгілі бір лауазымды тұлғаны бірнеше рет мақтап жазуға кеңес берген адам болғанын айтып, көпшілік біле бермейтін әңгіменің шетін шығарды, деп жазады Democrat.kz.
Алмат Сақатов «Әңгіме бар» подкастында мемлекеттік марапаттарға көзқарасы туралы сөз қозғаған.
59 жастағы актер кезінде өзінің де «неге атақ алмаймын?» деген ойы болғанын жасырмайды.
Алайда сол кезеңде таныстарының бірі оған күтпеген кеңес берген.
Сақатовтың айтуынша, әлгі адам Instagram-да белгілі бір лауазымды тұлғаны бірнеше рет мақтап жазса, атақ алуға мүмкіндігі болатынын меңзеген.
Актер мұндай жолдан бас тартқанын айтады.
Оның сөзінше, мәселе мақтау жазбасын жариялауда емес, өзін жақсы білетін адамдардың мұны жағымпаздық деп қабылдауында болған.
Алмат Сақатов сұхбат барысында өзінің әлеуметтік мәселелерге қатысты бұрынғыдай өткір сөйлемей қалғанын да мойындады.
Ол адамның өзі үшін қорықпағанымен, анасы, балалары мен немерелері үшін алаңдайтынын айтып, түрлі ескертулерден кейін «аздап басылғанын» жеткізген.
Актердің мемлекеттік марапатқа қатысты айтқаны — оның жеке тәжірибесі туралы мәлімдемесі. Ол өзіне мұндай кеңесті нақты кім бергенін жарияламаған.