ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық Кеңесінің төралқа мүшесі, білім саласының үздік педагогы Өмір Шыныбекұлы еліміздің Президент әкімшілігінің басшылығына ашық хат жолдап, қазіргі білім саласындағы проблемалары мен желге ұшып жатқан қаражаттарға аудит жасауды сұрады деп жазады Democrat.kz.
Назарларыңызға аталған ашық хаттың толық мәтінін ұсынамыз:
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ПРЕЗИДЕНТІ ӘКІМШІЛІГІНІҢ БАСШЫЛЫҒЫНА
Құрметті Президент Әкімшілігінің Басшылығы!
Сіздерге еліміздің ең маңызды стратегиялық салаларының бірі – білім беру жүйесінің қазіргі ахуалына байланысты алаңдаушылығымызды білдіре отырып, Оқу-ағарту министрлігінде қалыптасқан жағдайға мемлекеттік басқару тұрғысынан назар аударуды сұраймын.
Бүгінде мемлекеттік басқарудың жаңа архитектурасы қалыптасып, Президент Әкімшілігінің стратегиялық үйлестіруші әрі бақылаушы рөлі күшейіп отырған кезеңде Оқу-ағарту министрлігінде орын алған ашық ішкі қақтығыс жеке кадрлық дау шеңберінен әлдеқайда асып түсті. Бұл жағдай мемлекеттік аппараттың басқарылуы мен институционалдық тұрақтылығын сынайтын маңызды сынаққа айналып отыр.
Егер аталған жағдайға дер кезінде объективті саяси-құқықтық баға берілмесе, бірнеше елеулі тәуекелдің туындауы ықтимал.
Біріншіден, мемлекеттік басқарудың тәртіп, жауапкершілік және басқарылу қағидаттарының әлсіреу қаупі бар.
Екіншіден, басқа мемлекеттік органдарда да министрлерге немесе ведомство басшыларына қарсы ұйымдасқан қысым көрсету тәжірибесінің қалыптасуына жол ашылуы мүмкін. Үшіншіден, қоғам үшін ең сезімтал салалардың бірі – білім беру жүйесіндегі дағдарыс әлеуметтік сенімнің төмендеуіне және қоғамдық наразылықтың күшеюіне әсер етуі ықтимал. Осыған байланысты аталған жағдайды жеке тұлғалар арасындағы қайшылық ретінде ғана емес, білім беру жүйесін бюрократиялық кедергілерден арылтып, басқару сапасын арттыруға мүмкіндік беретін жүйелі реформалардың бастау нүктесі ретінде қарастыру орынды деп санаймын.
Қазіргі таңда мемлекеттік басқарудың жаңа қағидаттары бір орталықтан басқару, жеке жауапкершілік және нақты нәтижеге бағытталу талаптарына сүйенеді. Сондықтан кез келген мемлекеттік органның негізгі өлшемі – тиімді басқарылуы және қойылған міндеттердің сапалы орындалуы болуы тиіс.
БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ ЖҮЙЕЛІ МӘСЕЛЕЛЕР
Оқу-ағарту министрлігіндегі қазіргі жағдай бірнеше терең жүйелік мәселелердің көрінісі болып отыр.
Біріншісі – басқарушылық мәселе.
Мемлекеттік қызметшілердің өз басшылығына қарсы жария түрде шығуы мемлекеттік қызметтегі субординация, жауапкершілік және басқару мәдениеті мәселесін көтереді.
Екіншісі – реформалардың бірізділігі мәселесі.
Соңғы жылдары білім беру саласында көптеген реформалар мен жобалар жүзеге асырылды. Алайда олардың арасында сабақтастықтың жеткіліксіздігі, алдыңғы бастамалардың нәтижесіне толық талдау жасалмай жаңа өзгерістердің енгізілуі педагогтер мен мектептерге қосымша қиындықтар туғызуда.
Білім беру жүйесі тұрақты өзгерістер алаңы емес, ғылыми талдауға, тәжірибеге және ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегияға негізделген тұрақты жүйе болуы қажет.
Үшіншісі – мемлекеттік қаражаттың тиімді пайдаланылуы мәселесі.
Мемлекет қазынасынан қомақты қаражат бөлінген білім беру жобаларының нәтижелілігіне тәуелсіз және ашық бағалау жүргізілуі тиіс.
Атап айтқанда, қоғамда талқыланған «Мақсатты мектеп» секілді ауқымды жобалардың жоспарлануы, іске асырылуы, қаржылық тиімділігі және нақты нәтижелері жан-жақты сарапталуы қажет. Егер қандай да бір мемлекеттік жоба күтілген нәтижеге қол жеткізбесе, оны әзірлеу, басқару және бақылау кезеңдеріне жауапты тұлғалардың басқарушылық жауапкершілігі заң аясында қаралуы тиіс. Мемлекеттік қаражаттың тиімді жұмсалуы – қоғам алдындағы негізгі жауапкершілік қағидаты болуы қажет.
Төртіншісі – кадрлық саясат мәселесі.
Білім беру жүйесін басқару үшін ең алдымен осы саланың табиғатын терең білетін кәсіби мамандар қажет.
Соңғы жылдары білім саласының басқару деңгейлерінде мамандығы бойынша білім беру саласына тікелей қатысы жоқ, мектепте практикалық еңбек тәжірибесі қалыптаспаған мамандар санының артуы қоғамда алаңдаушылық туғызуда.
Білім саясатын қалыптастыратын және жүзеге асыратын басшылардың бойында педагогикалық білім, мектеп тәжірибесі, салалық құзыреттілік және нақты басқарушылық нәтиже болуы маңызды.
Бесіншісі – жүйелік басқару мәселесі.
Қалыптасқан жағдай жеке адамдар арасындағы келіспеушіліктен гөрі, ескі бюрократиялық басқару тәсілі мен мемлекеттік басқарудың жаңа талаптары арасындағы қайшылықты көрсетеді.
Министрлікке қарасты көптеген ведомстволық ұйымдар мен құрылымдардың функциялары қайта қарауды қажет етеді. Негізгі мақсат – басқару аппаратын көбейту емес, білім сапасын арттыру болуы тиіс.
Осыған байланысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің бақылауымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі және тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен жан-жақты қызметтік тексеру жүргізуді ұсынамын.
Тексеру барысында:
– жарияланған шағымдардың құқықтық және этикалық негізділігі;
– ықтимал мүдделер қақтығысы немесе сыртқы ықпал факторлары;
– министрлік қызметінің Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарға сәйкестігі;
– жүзеге асырылған ірі білім беру жобаларының тиімділігі;
– басқарушылық шешімдердің нәтижелілігі жан-жақты бағалануы қажет.
Сонымен қатар:
– Оқу-ағарту министрлігі мен оған қарасты ұйымдардың функцияларына толық аудит жүргізу;
– қайталанатын және артық құрылымдарды оңтайландыру;
– министрлікті мемлекеттік саясат қалыптастыратын ықшам әрі тиімді стратегиялық органға айналдыру;
– білім беру жүйесін басқаруға мектеп тәжірибесі бар кәсіби мамандарды кеңінен тарту;
– білім беру реформаларының сабақтастығын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді ұлттық стратегия әзірлеу ұсынылады.
Құрметті Президент Әкімшілігінің Басшылығы!
Біз қазіргі жағдайды тек дағдарыс ретінде емес, білім беру жүйесін жаңа сапалық деңгейге көтеретін тарихи мүмкіндік ретінде қарастыру қажет деп есептеймін.
Егер бұл мәселе тек ведомствоішілік дау ретінде қабылданса, мемлекеттік аппараттағы осындай келеңсіз үрдістердің қайталану қаупі сақталады.
Ал егер бұл жағдай жүйелі реформалардың басталуына негіз болса, мемлекеттік басқарудың тиімділігі артып, қоғамның мемлекеттік институттарға деген сенімі күшейіп, білім беру саласы формальды есептіліктен нақты нәтижеге бағытталған даму кезеңіне өте алады.
Осы ұсыныстарға назар аударып, заңнама аясында тиісті шешімдер қабылданады деп сенім білдіремін.
Сөзім құрғақ болмас үшін:
1. Ж.Сүлейменова тоқтатқан "Мақсатты мектеп" жобасын жасап, оны өршелене насихаттаған вице-министр Майра Мелдебекова мен Орта Білім Беру Комитеті төрағасы Қаныбек Жұмашев мемлекеттің миллиардтаған ақшасы жұмсалған шикі жоба үшін қандай жауапкершілікке тартылды?
2. ОАМ Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетіне төраға боп тағайындалған Серік_Әшіров пен Түркістан Облысының Білім Басқармасы басшысы Ғалымжан Орыновтың білім саласына қандай қатысы бар? (Өмірбаяндарын қарап шығыңыздар).
2. Түркістан облысы Білім Басқармасының тәртіптік және қылмыстық жауапкершілікке тартылған бірнеше басшысының тұсында басқарма басшысының орынбасары қызметінде отырған Айгүл Қасымбекованың мектепте жұмыс істеген тәжірибесі бар ма?
Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ - ҚР Оқу-ағарту министрлігі Қоғамдық Кеңесінің төралқа мүшесі.