Жаңа шешім бойынша базалық мөлшерлеме +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен белгіленді. Реттеуші бұл қадамды инфляцияның баяулауы, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жақсаруы және инфляциялық тәуекелдердің төмендеуімен байланыстырды деп жазады Democrat.kz. сайты BAQ.KZ-ке сілтеме жасап.
Ұлттық банк дерегінше, жылдық инфляция төмендеу үрдісін жалғастырып келеді. Егер өткен жылдың қыркүйегінде инфляция 12,9%-ға жетсе, биыл мамыр айының қорытындысы бойынша 10,4%-ға дейін баяулаған.
Азық-түлік бағасының өсу қарқыны да төмендеген. Мамырда азық-түлік инфляциясы 10,7%-ды құрады. Бұған жеміс-жидек, көкөніс, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары мен кейбір импорттық өнімдер бағасының баяу өсуі әсер еткен.
Ал азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,7% деңгейінде сақталды. Ұлттық банк мұны теңгенің нығаюы мен тұтынушылық несиелеудің бәсеңдеуіне байланысты сұраныстың тұрақтануымен түсіндірді.
Көрсетілетін қызметтердің бағасы да баяулай түсті. Мамыр қорытындысы бойынша қызмет көрсету инфляциясы 8,7%-ды құрады. Бұған тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерінің өсу қарқынының бәсеңдеуі мен ішкі сұраныстың тұрақтануы ықпал еткен.
Сонымен қатар айлық инфляция сәуірдегі 0,8%-дан мамырда 0,7%-ға дейін төмендеді.
Ұлттық банктің бағалауынша, халықтың инфляциялық күтулері де біртіндеп төмендеп келеді. Мамыр айында бұл көрсеткіш 12,7% болған. Ал кәсіби нарық қатысушылары 2026 жылдың соңында инфляция 10% деңгейінде болады деп болжап отыр.
Реттеуші мұнай нарығындағы болжамдарын да жаңартты. Жаңа базалық сценарийге сәйкес, Brent маркалы мұнайдың орташа бағасы биыл барреліне 90 доллар деңгейінде қалыптасады деп күтіледі. Бұған Таяу Шығыстағы геосаяси жағдай әсер етіп отыр.
Сондай-ақ Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын 9-11% аралығына дейін жақсартты. Бұған бағаның күтілгеннен жылдам баяулауы, ҚҚС өсімінің шектеулі әсері және ұлттық валютаның нығаюы себеп болған.
Реттеушінің болжамынша, 2027 жылы инфляция 5,5-7,5%-ға дейін төмендеп, 2028 жылы 5%-дық мақсатты деңгейге жетеді.
Экономикалық өсім бойынша да болжам жақсарды. Ұлттық банк 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,5-5,5% аралығында өседі деп күтеді. Бұған мұнай бағасының жоғары болуы мен экономикалық белсенділіктің артуы негіз болып отыр.
Ұлттық банк инфляцияның төмендеуі мен болжамдардың жақсаруы базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік бергенін атап өтті. Алайда ақша-кредит саясаты әлі де ұстамды қатаң деңгейде сақталады.
Айта кетейік, Ұлттық банктің базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешімі 2026 жылғы 24 шілдеде жарияланады.