Жаңа адамдар ÖZGERIS бейнебаянын — алып қашуға қарсы және таңдау еркіндігін қолдайтын музыкалық жоба ретінде ұсынды, деп хабарлайды democrat.kz.
Жаңа адамдардың Özim музыкалық лейблі Özim қыздар тобы орындаған ÖZGERIS әніне түсірілген клиптің тұсауын кесті. Шығарма адамның өз пікірін білдіру, саналы таңдау жасау және жеке шекарасын қорғау құқығын көркем түрде жеткізеді. Музыка мен бейнелік шешімдер өзгеріс адамның үнсіздіктен бас тартып, өз қағидаларына сай өмір сүре бастаған сәттен туындайтынын көрсетеді.
Бейнебаянның негізгі желісі «жоқ» деп айта білу, қысымға қарсы тұру және өзін қорғау тақырыбына құрылған. Оқиға желісінде жеке еркіндік пен қорқынышсыз шешім қабылдау құқығы алдыңғы қатарға шығарылады. Сонымен қатар, некеге мәжбүрлеу, соның ішінде «алып қашу» мәселесі қозғалып, ол еріктілік пен өзара құрметке негізделген дәстүрлерге қарсы құбылыс ретінде сипатталады.
2024 жылы Қазақстанда некеге мәжбүрлеу үшін жауапкершілік енгізілді (ҚР ҚК 125-бабы), тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстық және әкімшілік заңнамаға түзетулер қабылданып, жазалар күшейтілді. Сондай-ақ ІІМ құрылымында әйелдерді қорғау бойынша арнайы бөлімше құрылды. Бұл өзгерістер бейнебаянда көтерілген мәселелердің өзектілігін және адам құқықтарын қорғау мәдениетін қалыптастырудың маңызын көрсетеді.
ÖZGERIS клипі мәдениет пен құқық бұзушылықтың аражігін айқындап, саналы таңдаудың құндылығына назар аударады. Жоба жеке жауапкершілік, еркіндік және ішкі күш идеяларын алға тартып, қоғамдағы оң өзгерістердің бастауына үндейді.