«Зумерді жұмысқа алмаймыз»: Желіде қызық тақырып талқыланып жатыр

«Зумерді жұмысқа алмаймыз»: Желіде қызық тақырып талқыланып жатыр

Facebook желісінде жас мамандарды жұмысқа қабылдауға қатысты жазба қызу пікірталас туғызды. Алматыдағы жоғары оқу орнын тәмамдаған жас мұғалімнің түйіндемесіне «зумерлерді жұмысқа алмаймыз» деген жауап берілгені айтылып, желі қолданушылары жаңа буынның еңбекке көзқарасы, жауапкершілігі мен жұмыс берушілердің талабы туралы екіге жарылды, деп жазады Democrat.kz.

Бауыржан Карипов есімді желі қолданушысы танысының қарындасы Алматыдағы жақсы жоғары оқу орындарының бірін бітіргенін, мамандығы мұғалім екенін жазған. Алайда бірнеше мекемеге түйіндеме жолдаған жас маманға:

«Зумерлерді жұмысқа алмаймыз»

деген жауап берілген көрінеді.

Автор осы жайтты ортаға тастап, көпшіліктен мұның себебін сұраған.

Жазба астындағы пікірлер бірден бірнеше бағытқа бөлінді.

Бір топ қолданушы жұмыс берушілердің зумерлерге сақтықпен қарауын олардың еңбек тәртібімен байланыстырды.

Гүлжан Орынбай есімді қолданушы:

«Айтқан уақытында келмейтін, 40 минуттан соң боламын деп, 3–4 сағаттан кейін келетін 3–4 зумерді білемін. Жұмыс беруші болсам, мен де мұндай адамды жұмысқа алмас едім», — деп жазған.

Тағы бір пікір иесі бұрынғы жұмыс орнындағы жас қызметкердің жұмыстан шығып кетемін деп жиі қорқытқанын айтады.

Ал Aliya Maxambet есімді қолданушы жас буынның сын қабылдау ерекшелігін әзілмен жеткізген. Оның сөзінше, жас қызметкерге сырт келбетіне қатысты ақыл айтқанда:

«Ұзақ, мен ренжіп қалар едім»

деген жауап алған.

Пікірлер арасында зумерлердің басшылықпен қарым-қатынасына қатысты мысалдар да кездеседі. Бір қолданушы:

«Басынан жақсылап қолға алып, үйретіп жатырмыз. Бас білдіріп, асауды ұстағандай», — деп әзілдеген.

Алайда зумерлерді кінәлауға қарсы шыққандар да аз емес.

Yerlаn Ospan есімді қолданушы мәселені тұтас бір буынға жабудың дұрыс еместігін жазған.

«Жай, бұл ұрпаққа сай экожүйе жасалмады. Зумер ишаралардан, рәсімдерден, иррационал тірліктен жұрдай. Зумерлер пайда әкелетін елдер біздің G7 ішінде шығар. Біздер де өзімізше дамыған боламыз деп, сол елдердің қылғанын қылдық қой, бірақ өзіміз өзгергеніміз жоқ», — дейді ол.

Оның пікірінше, мәселе тек жастарда емес, жұмыс ортасының өзі де жаңа буынның ерекшеліктеріне бейімделе алмай отыр.

«Қазіргі әлем миллениалдардың арқасында тұрғаны рас болып шықты ма?» деген әзіл аралас пікір де жазылған.

Тағы бір қолданушы:

«Неудобный поколение ғой. Анау-мынау сөзге шыдамайды», — деп сипаттаған.

Ал кейбірі бұған қарсылық білдіріп:

«Көбі емес, біздің ұрпақ сияқты»,

«Тоқ балалар ғой»,

деп қысқа пікір қалдырған.

Пікірталаста зумерлердің тек жұмыс тәртібі емес, сын қабылдауы, жеке шекарасы мен басшылыққа деген көзқарасы да сөз болды.

Бір қолданушы жас қызметкермен жұмыс істеу тәжірибесін былай сипаттаған:

«Адаммен адамша сөйлесу білмейді. Тіпті амандасу әдетінен жұрдай. Тапсырма берсең, көзін аударып, төңкеріп отырады. Қайтадан айтсаң, өкпелеп қалады».

Басқа пікір иесі бұған қарама-қарсы көзқарас білдіріп, аға буынның өзі де кезінде жаңашыл болғанын еске салған.

Осылайша «зумерді жұмысқа алмаймыз» деген бір сөйлем әлеуметтік желіде тұтас ұрпақтың еңбек мәдениеті туралы дауға айналды. Бір тарап жас буынды тәртіпке, жауапкершілікке үйренуі керек деп санаса, екінші тарап жұмыс берушілердің де ескі басқару тәсілдерін қайта қарау қажет екенін алға тартып отыр.

Барлық жаңалықтар