5-сынып оқушысының түсініктемесі мектеп асханасындағы үлкен мәселені ашып жіберді

5-сынып оқушысының түсініктемесі мектеп асханасындағы үлкен мәселені ашып жіберді

Сабаққа бірнеше рет кешіккен 5-сынып оқушысынан мұғалім түсініктеме жазуды талап еткен. Бірақ баланың жауабы қарапайым «кешіріңізден» әлдеқайда маңызды мәселені көтерді: үзіліс кезінде асханаға барып, кезек күтіп, тамақ алып, оны ішіп-жеп, қайта кабинетке жетуге балаға уақыт жете ме? Оқушының жазбасы әлеуметтік желіде үлкен пікірталас туғызды деп жазады Democrat.kz.

Threads желісінде «Сабаққа 3 рет кешігіп келген 5-сынып оқушысының түсініктемесі» деген жазба жарияланып, қысқа уақытта жүздеген мың қаралым жинаған.

Фотода оқушы мұғалімге кешігу себебін түсіндіріп, мәселені мектеп асханасындағы тәртіппен байланыстырады. Бала өз ойын жай ғана «тамақ ішіп қалдым» деп қысқа қайырмай, асханада кезек болатынын, тамақ алуға уақыт кететінін және тамақтануға берілетін уақыттың жеткіліксіз екенін баланың өз логикасымен түсіндіруге тырысқан.

Желі қолданушыларының көпшілігін баланың дәл осы пайымы таңғалдырды.

Бір пікір иесі:

«Түсініктеме емес, сөгіс болды ғой», – деп әзілдеген.

Тағы бір қолданушы:

«Шах және мат», – деп жазған.

Ал өзгелері баланың жасына қарамастан мәселені нақты көріп, оны жазбаша жеткізе алғанын атап өткен.

«Проблема оқушыда емес, мектепте»

Пікірлер арасында ең жиі қайталанған ой – балалардың үзіліс кезінде физикалық тұрғыдан бәріне үлгеруі мүмкін емес деген пікір.

Бір ата-ана үлкен мектепте мыңдаған оқушы оқитынын айтып:

«Асхана біреу, оқушы 4500-дей. Мұғалім “кешігеді” дейді, бірақ асханаға үлгермейді. Проблема мектепте, кешігеді сабаққа оқушы», – деп жазған.

Тағы бірі:

«Он минутта тамақ жеп үлгеру деген масқара ғой. Ас адамның арқауы емес пе?» – деп мәселені тікелей көтерген.

Басқа ата-аналар да асханадағы ұзын-сонар кезектен кейін баланың тамақты асығыс жеуге мәжбүр болатынын айтып отыр.

«Бір сыныптың өзін 5–7 минутта қуып шығарады»

Пікірлердің бірінде бастауыш сынып оқушыларының асханада небәрі бірнеше минут қана отыратыны айтылған.

«Бір сыныптың өзін 5–7 минутта “тез-тез жеңдер” деп қуып шығарады асханадан. Әр сыныпқа кем дегенде 15–20 минут беру керек», – деп жазады ата-аналардың бірі.

Ол тіпті ас мәзірін алдын ала таңдап, қосымша арқылы төлем жасайтын жүйе енгізілсе, асханадағы кезек азаяр еді деген ұсыныс айтқан.

Тағы бір қолданушы үлкен үзілісте кезек көбейіп, балалар сабаққа кешігетінін, сондықтан әр қабатқа шағын буфет орналастыру керегін ұсынған.

«Біздің балалар ыстық тамақ ала алмайды»

Желі қолданушыларының тағы бірі өз балалары асханадан ыстық тамақ алуға үлгермейтінін жазған.

Оның айтуынша, балалар көбіне үйдің маңындағы дүкеннен бәліш немесе тоқаш сатып алып кетеді. Себебі мектеп асханасында кезек күтіп тұрса, сабаққа кешігіп қалуы мүмкін.

Бесінші сынып оқушыларының арасында да:

«Тамақ жеп үлгермейміз, кабинет іздейміз, кешігіп қаламыз», – деген әңгіме жиі айтылатынын ата-аналар жазған.

Бұл мәселенің бір ғана балаға қатысты жағдай емес екенін пікірлер көрсетіп отыр.

Тегін тамақ бар, бірақ оны ішуге уақыт бар ма?

Пікірталаста бастауыш сыныптарға берілетін тегін тамақ мәселесі де қозғалды.

Бір ана екінші сыныпта оқитын баласына тегін тамақ берілгені туралы хабарлама тұрақты келетінін, бірақ баласының кейде ақылы тамақ сатып алатынын кейін білгенін жазған.

Яғни мәселе тек «мектепте тамақ бар ма?» деген сұрақпен бітпейді. Оның балаға нақты жетуі, тамақты асықпай жеуге уақыт берілуі және асхананың өткізу қабілеті де маңызды.

Мұғалім түсініктеме сұрауға құқылы ма, әлде баланы тыңдау керек пе?

Жазбадағы тағы бір үлкен дау осы сұрақтың айналасында өрбіді.

Бір топ қолданушы сабаққа кешігу тәртіп бұзушылық екенін, сондықтан мұғалім түсініктеме талап етуге құқылы деп санайды.

Ал екінші тарап мәселені тек баладан көрмеу керек дейді.

«Неге асықтырасыңдар басқа мұғалімдер, қақалып қалса ше, асықпай жеп алсын», – деген пікір жүздеген қолдау жинаған.

Тағы бір қолданушы:

«Орыс тілі апайы кешірім сұраған видеосын күтем», – деп жазған.

Бұл пікірлер эмоциялық болғанымен, олардың астарында бір маңызды сауал жатыр: егер мектептің өзі баланың белгіленген үзіліс ішінде тамақтанып үлгеруіне жағдай жасай алмаса, кешіккені үшін жауапкершілік тек оқушыға жүктеле ме?

«Мен мектепте дәретханаға да үлгермейтінмін»

Талқылау асханадан шығып, жалпы мектептегі үзіліс уақытына ұласты.

Бір ересек қолданушы өзінің мектеп кезін еске алып:

«Дәретханаға барып келуге де үлгермейтінмін. Үшінші қабаттан түсемін дегенше қоңырау соғылатын», – деп жазған.

Тағы бір ата-ана қазіргі балалардың бір кабинеттен екіншісіне ауысуы, дәретханаға баруы, асханаға кезекке тұруы, киім ауыстыруы сияқты қарапайым қажеттіліктердің бәрі санаулы минутқа сыйғызылғанына назар аударған.

Бұл жерде мектептің күн тәртібінің өзі баланың физиологиялық қажеттілігіне қаншалықты сай деген сұрақ туындайды.

Бір баланың түсініктемесі – үлкен жүйелік сұрақ

Оқиғаның ең қызығы – 5-сынып оқушысы өзіне қойылған талапқа ересектерше жауап берген.

Ол «кешіктім, енді кешікпеймін» деп қана жазып құтылмаған. Кешігуінің себебін көрсетіп, сол себептің мектеп жүйесінің өзінде жатқанын аңғартқан.

Ал әлеуметтік желідегі мыңдаған реакция бір ғана нәрсені көрсетті: мектеп асханасы мен үзіліс уақыты мәселесі көптеген ата-анаға таныс.

Баладан тәртіп талап ету – қалыпты нәрсе. Бірақ бала белгіленген он минуттың ішінде асханаға жетіп, кезек күтіп, тамақ алып, асықпай ішіп-жеп, басқа кабинетке барып үлгеруі мүмкін бе?

Мәселе енді осы сұрақта.

Барлық жаңалықтар