«Алып кетті!»: Ақын Ербол Бықыбаевқа қатысты жағымсыз хабар тарады

«Алып кетті!»: Ақын Ербол Бықыбаевқа қатысты жағымсыз хабар тарады

Әлеуметтік желіде «Шерзат ісіне» қатысты өлеңдерімен танылған ақын Ербол Бықыбаевтың құқық қорғау органдары тарапынан ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Желі қолданушысы ақынмен телефон арқылы сөйлесіп отырған сәтте оны алып кеткенін айтып, жақындары мен туыстарынан көмек сұрады. Алайда бұл мәлімет әзірге ресми түрде расталған жоқ, деп жазады Democrat.kz.

Threads әлеуметтік желісінде aliblogg05 деген парақша шұғыл хабарлама жариялап, Ербол Бықыбаевтың қайда екенін анықтай алмай отырғанын мәлімдеді.

«Ербол Бықыбаевты Бүгін 4-күні сағат шамамен 11.23 Менімен Телефонмен сөйлесіп отқан жеріне ұстап алып кетті Заң өкілдері, Содан хабар жоқ», – деп жазған ол.

Жазба авторының сөзінше, ақынмен соңғы рет сөйлескенде Ербол Бықыбаев үйіндегі жөндеу жұмыстары туралы әңгімелеп отырған.

Содан кейін байланыс үзілген.

«Ерболдың жақын таныстары Немесе туыстары болса, не жағдай болғанын біл алмай отырмын, қай отделениеге алып кеткеніде белгісіз, не себеп пен екеніде», – дейді желі қолданушысы.

Ол Ербол Бықыбаевтың қайда жеткізілгенін анықтауға көмек сұраған.

Ақын Ербол Бықыбаев бұған дейін Талғардағы Шерзат Полаттың өліміне қатысты өткір өлеңдері арқылы көпшілікке танылған.

2025 жылғы мамырда Шерзат Полаттың өліміне байланысты өткен сот процесінде оның өлеңі жарияланған бейнежазба да талқыланған болатын. Сол кезде сот жәбірленуші тараптың адвокатына әлеуметтік желідегі жарияланымға байланысты ескерту жасаған. 

Ал 2026 жылғы тамызда ақынның дінге қатысты мәлімдемесі әлеуметтік желіде дау туғызған еді. Бұл туралы Democrat.kz те материал жариялаған болатын. 

Дегенмен аталған оқиғалардың бүгін тараған хабарға қатысы бар екені жөнінде ешқандай расталған мәлімет жоқ.

Қазіргі уақытта Ербол Бықыбаевтың шынымен ұсталғаны, оның қайда жеткізілгені, қандай құқықтық мәртебеде екені және оқиғаның нақты себебі белгісіз.

Ашық дереккөздерді қарау барысында осы оқиғаға қатысты құқық қорғау органдарының ресми мәлімдемесі табылмады.

Сондықтан ақынға қандай да бір айып тағылды немесе қылмыстық іс қозғалды деп айтуға негіз жоқ.

Бұл жағдайға қатысты құзырлы органдардан ресми түсіндірме қажет.

Ербол Бықыбаев ұсталды ма? Егер ұсталған болса, қандай құқықтық негізде және қайда жеткізілді? Оның жақындарына хабар берілді ме?

Әлеуметтік желідегі алаңдаушылықты сейілтудің ең дұрыс жолы – оқиғаның нақты мән-жайын ресми түрде анықтау.

Democrat.kz бұл мәселеге қатысты жаңа деректерді назарда ұстайды.

Барлық жаңалықтар