«ББ адамы хатты алып тастауды сұрады»: Қоғам белсендісі Оқу ағарту министрлігіне сауал тастады

«ББ адамы хатты алып тастауды сұрады»: Қоғам белсендісі Оқу ағарту министрлігіне сауал тастады

Қоғам белсендісі Әсел Таухан Алматы қалалық білім басқармасынан хабарласқан адам өтінішін кері қайтарып алуды сұрағанын айтты. Әсел Таухан Қазақстандағы жабық діни мекемелерде балаларға жыныстық зорлық көрсетілгені туралы мәлімдемелерге байланысты құзырлы органдарға ресми өтініш жолдаған, деп жазады Democrat.kz.

Қоғам белсендісі Әсел Таухан Исматулла Мақсұмның ізбасарларына қатысты айтылған ауыр айыптаулардың жан-жақты тексерілуін талап етті. Оның мәлімдеуінше, жабық діни мекемелерде тәрбиеленген жасөспірімдер жыныстық зорлық, психологиялық қысым және қорқыту туралы бұған дейін де ашық айтқан.

Белсендінің сөзінше, зардап шеккенін мәлімдеген жастардың әңгімесін журналистер Абзал Достияр мен Жанар Байсеміз жариялаған. Осы сұхбаттарды көргеннен кейін Әсел Таухан Бас прокуратураға ресми өтініш жолдаған.

Оның өтініші Алматы қаласының прокуратурасына, кейін полиция департаментіне жіберілген. Әуезов аудандық полиция басқармасы тексеру жүргізілетінін хабарлап, қолындағы құжаттарды ұсынуға шақырған.

Ал бұқаралық ақпарат құралдары Ішкі істер министрлігіне сілтеме жасап, аталған мәлімдемелер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын хабарлаған.

Әсел Таухан бұл мәселеде балалардың шағымдарына неге дер кезінде назар аударылмағанын сұрайды.

Ол Исматулланың бұрынғы ізбасарларының бірі де осындай оқиғалар туралы бұрын естігенін, алайда діни жетекшісін «әулие» санағандықтан, балалардың сөзіне сенбегенін айтқанын жеткізді.

Белсенді балалардың қауіпсіздігін діни тұлғаның беделінен төмен қоюға болмайтынын атап өтеді.

Мәселе халықаралық деңгейде де көтерілген. «Демос» қоғамдық бірлестігінің өкілі ЕҚЫҰ алаңында Қазақстанның төрт азаматы қорқыту, психологиялық қысым және құқықтарының бұзылуы туралы шағымданғанын мәлімдеген. Сондай-ақ кәмелетке толмаған қыздарды еркінен тыс некеге мәжбүрлеу және жасөспірімдерге жыныстық зорлық көрсету туралы айыптаулар айтылған.

Әсел Таухан ҚМДБ-ның Исматулла мен оның жақтастарының мүфтиятқа қатысы жоқ деген ұстанымына да тоқталған. Оның пікірінше, мұндай жауап балаларды кім қабылдағаны, олардың қандай жағдайда тұрғаны және қауіпсіздігін кім қадағалағаны туралы сұрақтарды күн тәртібінен түсірмейді.

Белсенді Дін істері комитетінен елдегі тоғыз медресе-колледж туралы жауап алғанын да мәлімдеді. Аталған оқу орындарының Исматулла Мақсұмның қызметіне қатысы жоқ екені көрсетілген. Соған қарамастан, ол ресми діни білім беру мекемелеріндегі оқыту сапасы мен балалардың құқықтарының сақталуын бақылау мәселесін көтерген.

Алайда ең көп сұрақ туғызған жағдай Алматы қалалық білім басқармасына жолданған өтінішке байланысты болып отыр.

Әсел Тауханның айтуынша, өзін білім басқармасының қызметкері Құралай деп таныстырған әйел телефон соғып, ресми өтінішін кері қайтарып алуды сұраған. Белсенді бұған келіспеген.

Қоғам белсендісі құзырлы органдардан және Оқу ағарту министрлігінен жалпылама жауап емес, нақты тексеру нәтижесін талап етіп отыр. Атап айтқанда, қандай мекемелер тексерілді, балаларды қабылдауға кім рұқсат берді, олардың құқықтарын кім қорғауға тиіс болды және анықталған заңбұзушылықтар бойынша қандай шара қабылданды деген сұрақтарға жауап күтеді.

Бұл мәселедегі ең маңызды жайт — балалардың зорлық көргені туралы мәлімдемелердің толық әрі әділ тергелуі. Ал ресми өтінішті кері қайтарып алуды сұрау туралы ақпарат расталса, оның себебі де жеке түсіндіруді қажет етеді.

Барлық жаңалықтар