"Интернет 3 күнге өшіп, банктегі ақшалар жоғалады": Жұртты дүрліктірген ақпаратқа жауап берілді

"Интернет 3 күнге өшіп, банктегі ақшалар жоғалады": Жұртты дүрліктірген ақпаратқа жауап берілді

Әлеуметтік желілерде 17 қарашада әлем бойынша жойқын кибершабуыл жасалып, банктердегі ақша жоғалатыны және интернет үш айға ажыратылатыны туралы ақпарат тарады. Кейбір азаматтар азық-түлік пен қолма-қол ақша жинауға шақырған. Қазақстандық мамандар бұл мәліметке қатысты түсініктеме берді, деп жазады Democrat.kz.

Threads және басқа да әлеуметтік желілерде 2026 жылғы 17 қарашада әлемді «цифрлық апокалипсис» күтіп тұрғаны туралы хабарламалар қызу талқыланып жатыр.

Тараған ақпаратқа сәйкес, хакерлер әлемдегі ірі банктер мен мемлекеттік мекемелердің ақпараттық жүйелеріне бір мезгілде шабуыл жасап, миллиондаған адамның есепшотындағы қаржы туралы деректерді жояды. Бұдан кейін бүкіл әлемде интернет үш айға ажыратылады-мыс.

Хабарламаларда цифрлық жүйелердің жұмысын кейін жасанды интеллект қалпына келтіретіні де айтылған.

Қауесетті таратушылар халықты алдын ала азық-түлік, ауызсу және қолма-қол ақша жинауға шақырған.

Бұл ақпараттың таралуына X әлеуметтік желісіндегі Wesley есімді қолданушының жазбасы себеп болған. Ол мәліметті «даркнеттегі» белгісіз дереккөзден алғанын мәлімдеген. Алайда ешқандай дәлел ұсынбаған және ақпараттың расталмағанын өзі де мойындаған.

Қазақстандық мамандар не дейді?

Kazinform агенттігінің хабарлауынша, Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі мұндай қауіпке байланысты ешқандай ресми ескерту таратпаған.

Ал Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының (ЦАРКА) мамандары 17 қарашада интернеттің өшетіні туралы ақпараттың ресми дереккөздермен расталмағанын мәлімдеді.

Олардың түсіндіруінше, интернет, банк жүйелері мен байланыс инфрақұрылымы бір орталықтан басқарылатын тұтас жүйе емес. Сондықтан бір жүйеге жасалған шабуыл бүкіл әлемдегі интернет пен банктердің бір мезгілде істен шығатынын білдірмейді.

Мамандар жекелеген ірі ақаулар болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда бүкіл әлемдегі интернеттің бір уақытта үш айға өшірілуі техникалық тұрғыдан өте күрделі әрі ықтималдығы төмен жағдай.

17 қарашада шын мәнінде не болады?

Тексеру барысында аталған күнге байланысты нақты жоспарланған шара анықталған.

17 қарашада АҚШ-та төтенше жағдайлар туралы халықты хабардар ету жүйесінің жалпыұлттық сынағы өтеді. Оны АҚШ-тың Төтенше жағдайларды басқару федералдық агенттігі (FEMA) мен Федералдық байланыс комиссиясы (FCC) ұйымдастырады.

Сынақ кезінде радио және телехабарлар қысқа уақытқа үзіліп, арнайы ескерту берілуі мүмкін.

Алайда бұл шараның интернетті өшіруге, банктерге шабуыл жасауға немесе адамдардың есепшотындағы ақшаны жоюға ешқандай қатысы жоқ.

Қазақстанда да банктердің ақпараттық қауіпсіздігіне қатысты міндетті талаптар қолданылады. Қаржы ұйымдары деректерді резервтік сақтау, ақпараттық жүйелердің жұмысын қалпына келтіру және қызметтің үздіксіздігін қамтамасыз ету шараларын орындауға тиіс.

Сондықтан бір кибершабуылдан кейін әлемдегі барлық банктік деректің біржола жоғалатыны туралы тұжырымның техникалық негізі жоқ.

Мамандар мұндай үрейлі хабарламалар әлеуметтік желіде қаралым жинау, дүрбелең туғызу немесе алаяқтық әрекеттерге адамдарды тарту мақсатында таратылуы мүмкін екенін ескертеді.

Әзірге 17 қарашаға жоспарланған жаһандық кибершабуыл туралы ешқандай сенімді дәлел жоқ. Қазақстанның құзырлы органдары да халықты жаппай ақша шешіп алуға немесе төтенше жағдайға дайындалуға шақырған емес.

Барлық жаңалықтар