Қырғызстанның бұрынғы президенті Асқар Ақаев журналист Асхат Ниязовқа берген сұхбатында қазіргі өмірі, Мәскеудегі қызметі және Нұрсұлтан Назарбаевпен қарым-қатынасы туралы айтты деп жазады Democrat.kz. сайты Kerekemes.kz.-ке сілтеме жасап.
Бұрынғы президент бүгінде Мәскеуде тұратынын және М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде математика профессоры болып жұмыс істейтінін жеткізді.
Оның айтуынша, ол қазір ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысып, аспиранттар мен докторанттарды дайындаумен шұғылданады.
Сондай-ақ Ақаев соңғы 22 жылда алғаш рет Ыстықкөлге қызымен бірге демалысқа келгенін, елге кіруде ешқандай шектеулер болмағанын және ешқандай күзетсіз, қорықпай жүргенін атап өтті.
Әңгіме барысында Асқар Ақаев Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты 30 жыл бойы үлкен құрметпен сыйлайтынын және онымен өте жақсы қарым-қатынаста екенін білдірді. Сұхбат соңында Назарбаевты жақында ғана өз көзімен көргенін айтқан Ақаев, оның аман-есен, дені сау және жағдайы өте жақсы екенін жеткізді.