Қазақстанда білім беру ұйымдары қызметкерлері мен басшыларының штат санын есептеу тәртібі өзгерді. 3 қарашадан бастап колледждердегі бірқатар лауазымға қойылатын талаптар жаңартылып, мектепалды даярлық педагогтерінің қызмет атауы нақтыланды. Ал 2027 жылдың 1 қаңтарынан тағы бірнеше өзгеріс енгізіледі, деп жазады Democrat.kz.
Қазақстанда мемлекеттік білім беру ұйымдары қызметкерлерінің үлгі штаттарына өзгерістер енгізілді. Тиісті бұйрыққа Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы 2026 жылғы 20 қазанда қол қойған.
№300-НҚ бұйрығына сәйкес, 3 қарашадан бастап колледждердегі штат бірліктерін есептеу кезінде оқу жылының 1 қыркүйегіндегі студенттер саны негізге алынады.
Сондай-ақ бөлім меңгерушісі лауазымын енгізу талаптары нақтыланды. Енді бір немесе бірнеше мамандық бойынша кемінде 150 студент, ал техникалық және технологиялық бағыттар бойынша кемінде 120 студент білім алса, тиісті мамандықтар тобына бөлім меңгерушісінің штат бірлігі қосылады.
Ақпараттық технологиялар жөніндегі директор орынбасары қызметіне қатысты да өзгеріс бар. Колледжде онлайн оқыту жүйесі енгізілген немесе ақпараттық жүйелерді қолдану бағыттары бойынша мамандар даярланған жағдайда, студент санына қарамастан, аталған лауазымға қосымша штат бірлігі қарастырылады.
Жатақханалардағы тәрбиешілер саны да нақты көрсетілген. Жатақханада тұратын әрбір 75 білім алушыға немесе жетім балалардың әрбір 25-іне бір тәрбиеші штат бірлігі енгізіледі.
Бұдан бөлек, мектепалды даярлыққа қатысты лауазым атауы «мектепалды даярлық тобының/сыныбының педагогі» болып белгіленді.
2027 жылдан бастап не өзгереді?
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру ұйымдарының штат санын есептегенде жұмысшы жастар оқитын сыныптар да ескеріледі.
Сонымен қатар сырттай оқытуға қатысты әдіскер мен консультациялық пункт меңгерушісінің жекелеген штаттық нормативтерін белгілеген тармақтың күші жойылады.
Жаңа талаптарға байланысты білім беру ұйымдарының басшылары штат кестелерін, қызметкерлердің лауазым атауларын және студент санына сәйкес белгіленген штат бірліктерін қолданыстағы нормативтермен салыстыруы қажет.
Бұл өзгерістер барлық мектеп пен балабақша қызметкерлерінің саны жаппай қысқартылады немесе көбейтіледі дегенді білдірмейді. Бұйрықта нақты лауазымдар мен штат санын есептеу тәртібі реттелген.
Өзгерістер Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 21 шілдедегі №224 бұйрығына енгізілген.