«Біз ешкімге қарыз болған жоқпыз»: Кәсіпкер Ботагөз Омарова ісіне қатысты өз нұсқасын айтты

«Біз ешкімге қарыз болған жоқпыз»: Кәсіпкер Ботагөз Омарова ісіне қатысты өз нұсқасын айтты

Журналист Ботагөз Омароваға қатысты қоғамда кең талқыланып жатқан іске байланысты «ВД Строй Инжиниринг» компаниясының құрылтайшысы Азамат Үсімбеков алғаш рет Ulysmedia.kz порталына сұхбат беріп, оқиғаға қатысты өз көзқарасын білдірді.

Кәсіпкердің айтуынша, дау журналист жариялаған материалдардан кейін ушыққан.

Үсімбековтің сөзінше, Ботагөз Омарова өз жарияланымдарында компанияны мердігерлер алдындағы қаржылық міндеттемелерін орындамады деп көрсеткен. Әсіресе, әлеуметтік желілерде компанияның 600 миллион теңге қарызы бар деген ақпарат қызу тараған. Алайда кәсіпкер мұндай мәліметтердің шындыққа жанаспайтынын айтты.

«Мені 600 миллион теңгені төлемей қойған адам ретінде көрсетті. Бірақ біздің ешкімге берешегіміз болған жоқ», – деді Азамат Үсімбеков.

Оның айтуынша, видеода пікір білдірген адамдармен арнайы кездесулер өткізілген. Сол жиындарда олар компанияға қатысты ешқандай қаржылық шағымы жоқ екенін айтқан.

«Видеода сөйлеген адамдардың өздері маған ешқандай претензиясы жоқ екенін жеткізді. Біз барлық құжаттар мен төлемдердің жасалғанын көрсеттік», – деді кәсіпкер.

Үсімбековтің пікірінше, даудың шығуына мердігер ұйымдар арасындағы ішкі келіспеушілік себеп болған. Соған қарамастан, журналист тарапынан жарияланған материалдар тоқтамаған.

Кәсіпкер Ботагөз Омаровамен жеке кездескенін де айтты. Оның сөзінше, журналист мәселені түсінгендей болып, жарияланған материалдарды өшіру жағын ойланатынын жеткізген.

«Ол “ертең ойланып көремін, қалай өшіруге болатынын қараймын” деді. Мен соған сенген едім», – деді Үсімбеков.

Алайда кейін компания туралы материалдар жариялана берген. Осыдан кейін кәсіпкер заң аясында арыз жазуға мәжбүр болғанын айтты.

 

Барлық жаңалықтар