"Министрлікте не болып жатыр?" деген білікті ұстаз дабыл қақты

"Министрлікте не болып жатыр?" деген білікті ұстаз дабыл қақты
Белсенді педагог, педагог-шебер, ҚР “Үздік педагог-2019” атағының иегері, ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері Гүлжазира Бекболатқызы әлеуметтік желідегі парақшасында "Жаңа оқу жылының басталуына 2 ай қалды. Мұғалімдер не істерін білмей отыр, ал Министрлікте не болып жатыр?"деп дабыл қағып, жазба жариялады деп жазады Democrat.kz.
" Жаз ортасы ауды, жаңа оқу жылының басталуына тура 2 ай уақыт қалды. Дәл осы кезде еліміздің әрбір ұстазы «Биылғы білім беру процесі қалай ұйымдастырылады? Сабақ жоспарларын қалай құрамыз, қандай өзгерістер бар?» деп дайындалуы керек еді. Қазір мектептерде мұғалімдер бір-бірінен сұрап, алаңдап отыр.
 
Бірақ, өкінішке қарай, әлі күнге дейін басшылық тарапынан негізгі бағдаршам болып табылатын Әдістемелік нұсқау хат (ӘНХ) жарық көрген жоқ. Жыл сайынғы дәстүрлі Тамыз кеңесінің негізгі тақырыбы мен бағыты да беймәлім. Бізді қандай формат күтіп тұрғанын білмей, қараңғыда отырғандаймыз.
 
Ұстаздар қауымы осындай ақпараттық вакуумда отырғанда, Оқу-ағарту министрлігінің ішкі жағдайы мүлдем басқа арнада өрбіп жатқан сияқты. Жақында өзіміздің “Би-Би-Си” арнасы
Министрлік пен білім саласындағы терең дағдарыстың бетін ашты.
Мектептегі біз көрмейтін, бірақ зардабын шегетін мына деректерге қарап, таңғалмасқа амалың жоқ:
 
 Жаппай кадрлық тазалау және кәсіби мамандардан айырылу:
Қысқа уақыт ішінде вице-министрден бастап, жетекші департамент директорлары, Комитет төрағаларының орынбасарлары және Ы. Алтынсарин атындағы ҰБА, «Өрлеу», «Дарын» сияқты маңызды институттардың басшылары - жалпы саны 20-дан астам тәжірибелі маман жұмыстан босатылған немесе кетуге мәжбүр болған. Жұмыстағы жүйелілік пен сабақтастық қайда қалады?
 
Құжаттардың кешігуі — жүйелі мәселе: Министрлікте бұйрықтар мен маңызды құжаттарға 10 күннен астам уақыт қол қойылмай жатады екен. Біз күткен ӘНХ-ның әлі күнге дейін шықпай, кешігіп жатқанының басты себебі осы ішкі бюрократия емес пе екен деген заңды сұрақ туындайды.
 
 «Өз адамдарын» жинау: Тәжірибелі мамандардың орнына біліктілік талаптарын (соның ішінде ғылыми дәреженің болуы туралы тармақты) төмендету арқылы жаңа басшыларды, өздеріне ыңғайлы адамдарды тағайындау үрдісі белең алған көрінеді.
 
 Непотизм мен негізсіз марапаттар: Министрлікте бар-жоғы 1 айдан 5-7 айға дейін ғана жұмыс істеп үлгерген, ешқандай айқын нәтиже көрсетпеген «жаңа команда» мүшелеріне «Ерен еңбегі үшін» медальдары жаппай үлестіріліп жатыр екен. Ал жылдар бойы мектепте маңдай терін төгіп, ұрпақ тәрбиелеп жүрген қарапайым мұғалімдер бір ауыз грамотаға жете алмайды.
 
 Білім жүйесі - бұл эксперимент жасайтын немесе ішкі амбицияларды қанағаттандыратын алаң емес. Бізге айғай-шу, ішкі тартыстар мен «тиісуге болмайтын» артықшылықты топтар емес, мұғалімге кәсіби еркіндік беретін, оқу процесін жүйелі жоспарлайтын нақты іс-әрекет керек.
Жұлдыз Сүлейменова ішкі кадрлық соғыстарды қоя тұрып, сіздің артыңызда тұрған 8000 мектептің жағдайын ойлаңыз. Мектептер мен мұғалімдер жаңа оқу жылына сапалы дайындалуға көшуі тиіс. Ұстаздар қауымы Тамыз кеңесі мен ӘНХ-ны күтеді!
Жалпы алғанда білім саласындағы соңғы екі министр бірінен бірі өтті. Оларды осы лауазымға тағайындау кімнің қателігі?"- деген Гүлжазира Бекболатқызы тиісті мекеме басшыларына сұрау салды. 
 
Барлық жаңалықтар