"Мұғалімдердің биті семірген":Желідегі бір жазба қызу талқыға түсті

"Мұғалімдердің биті семірген":Желідегі бір жазба қызу талқыға түсті

Threads желісінде мұғалімге берілген сыйлық төңірегіндегі жазба қызу талқыға түсті. Бір ата-ана ұстаздың гүл шоғы мен массажға арналған сертификатты қайтарып бергенін айтса, жарияланған хат алмасуда сыйлықтың педагогтің «деңгейіне» сай келмейтіні жазылған, деп жазады Democrat.kz.

Threads-тегі smbdy.aa есімді қолданушының айтуынша, бірінші сыныпта оқитын қызының мұғалімі өзіне берілген гүл шоғы мен массажға арналған сертификатты қайтарған. Автор мұның себебін сыйлықтардың мұғалімге ұнамағанымен байланыстырады.

Оның сөзінше, балалардың мектепте оқи бастағанына небәрі бір ай болған. Ал ата-аналар енді қайтадан ақша жинап, ұстазға ақшалай сыйлық беруді ойластырып отыр.

«Магистр мұғалімдерге қандай сыйлық беру керек? Мұнда да белгілі бір саты бар ма?» — деп сауал тастаған жазба авторы.

Жарияланымға тіркелген хат алмасудағы сөздер дауды одан әрі өршіткен. Мұғалім ретінде көрсетілген адам келесі жолы өзіне сыйлық бермеуді сұрайды. Алайда осы өтінішін сыйлықтың өзінің мәртебесіне сәйкес келмейтінімен түсіндіреді.

«Мен педагог-сарапшымын, педагог-магистрмін. Бұл сыйлықтар менің деңгейіме сай емес. Мені дұрыс түсініңіздер», — деп жазылған хабарламада.

Хат авторы ата-аналардың топта Мұғалімдер күнімен құттықтамағанына да реніш білдірген.

Оған жауап берген ата-ана баласының мұғалімді өз ықыласымен қуантқысы келгенін айтады. «Сонда бұл сіздің деңгейіңізге сай емес пе?» деп сұрап, кейін ата-аналар тобынан шыққанын хабарлайды.

Хат алмасу мұнымен аяқталмаған. Мұғалім ретінде көрсетілген адам ата-аналардың өзара тіл табыса алмауынан өзі зардап шегетінін жазған. Ал ата-ана баласының ниеті ескерілмегеніне ренжіп, әңгімені әлеуметтік желіге жариялайтынын айтқан. Бұған екінші тарап «Сіз мені қорқытып отырсыз» деп жауап берген.

Мұнда бір жайтты ажыратып айту қажет: smbdy.aa кейінгі жазбасында хат алмасудың скриншотын өз өңіріндегі ашық чаттан алғанын түсіндірген. Өзі де осыған ұқсас жағдайға тап болғандықтан, оны талқылауға шығарғанын жазған.

 Автордың мәліметінше, екі мектеп те Алматы облысының Іле ауданындағы Өтеген батырда орналасқан. Демек, оның қызына қатысты баяндауы мен жариялаған хат алмасуын бір оқиға деп көрсетуге болмайды.

Скриншот түсірілген сәтте негізгі жазба 8,5 мың ұнату жинап, оған 602 пікір қалдырылғаны көрінеді. Талқылауда сыйлыққа қатысты реніш те, мұндай ұстанымды барлық мұғалімге телуге болмайтынын аңғартатын мысал да бар.

lyazzat_nigmet есімді қолданушы жағдайды «Бір құмалақ бір қарын майды шірітеді» деп бағалаған.
Ал aizhan_5239 есімді қолданушы өздерінің мұғалімінің ата-аналарға жолдаған хатын жариялаған. Ондағы өтініштің мазмұны мүлде бөлек.

«Мені сыйлап, құрмет тұтсаңыздар, сыйлық алу үшін артық қаражат жинамауларыңызды және сыйлық жасамауларыңызды сұраймын. Бұған ешқандай қажеттілік жоқ», — делінген хатта.

Ұстаз өзі үшін ең бағалы сыйлық ата-аналардың шынайы жылы сөзі мен балалардың ықыласы екенін жазған. Балалардың жақсы оқып, тәрбиелі болып, білімге ұмтылуын ең үлкен қуаныш әрі алғыс деп атаған.
Бір талқылауға жиналған осы екі хат мектептегі сыйлық мәселесінің қайшылығын ашып тұр. Бірінде сыйлықтың педагогтің «деңгейіне» сәйкестігі сөз болса, екіншісінде ата-анадан қаражат жинамау сұралады. Сыйлықтан бас тартудың өзінен гөрі, оған айтылған уәж жұрттың наразылығын туғызған.

«Деңгейіме сай емес» деген сөз ата-ананы сыйлықтың бағасын көтеруге итермелеуі мүмкін. Жазба авторы айтқан қайта ақша жинау жоспары осы алаңдаушылықты күшейтеді: алғашқы сыйлық қайтарылса, ата-ана енді ұстазды риза ететін соманы іздеуге көше ме?

Педагогтің біліктілігі мен баланың ықыласын бір таразыға салу туралы сұрақ та осыдан шығады. Мұғалімнің атағы жоғарылаған сайын, оған берілетін сыйлықтың құны да өсуге тиіс пе?
Берілген жазбаларда мектептердің нөмірі мен хат алмасудағы мұғалімнің аты-жөні көрсетілмеген. Автор айтқан сыйлықтың қайтарылуына қатысты мұғалімнің бөлек түсініктемесі мен мектеп әкімшілігінің жауабы да келтірілмеген. 

Барлық жаңалықтар