«Қазақмыс» корпорациясы басқарма төрағасы Руслан Өскенәлі жұмыс сапарымен Қарағанды өндірістік алаңына барып, «Нұрқазған» кенішін және Нұрқазған байыту фабрикасын аралады.
Сапар барысында өндірістік үдерістердің қазіргі жағдайын жан-жақты бағалау мақсатында жұмысшылардың еңбек жағдайы, кен өндіру және байыту кезінде қолданылатын технологиялар, сондай-ақ өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейі қарастырылды. Сонымен қатар өндірістік жабдықтардың тұрақты жұмыс істеу жағдайы да бағаланды.
Басқарма төрағасы кеніштің персоналға арналған инфрақұрылымымен танысып, жерасты жұмыстарын өз көзімен көрді.
Сапар барысында жерасты жұмыстарының қауіпсіздігі мен тиімділігіне әсер ететін жөндеу учаскелері, тау-кен техникасының жұмысы, бұрғылау және қазу технологиялары ерекше назарға алынды.
Нұрқазған байыту фабрикасында кен өңдеудің толық технологиялық тізбегі қарастырылып, өндірістік процестерді басқару және мониторингтеу жүйесіне баға берілді. Мұндай жүйе өндірістегі ауытқуларды дер кезінде анықтап, технологиялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Сапар аясында жұмыскерлермен кездесу барысында еңбекті қорғау, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтау және өндірістік жабдықтардың техникалық жағдайы мәселелері де талқыланды.