Қазақмыс кен қоры 365 млн тоннаға ұлғаймақ

Қазақмыс кен қоры 365 млн тоннаға ұлғаймақ

«Қазақмыс» корпорациясы 2026–2028 жылдарға арналған минералдық-шикізат базасын дамыту және өндірістік қызмет жоспарын бекітті. Бағдарлама қорды толықтыруға және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарда өндірістің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта компанияның жиынтық кен қоры 551,8 млн тоннаны құрайды. Сарапшылардың бағалауынша, бұл көлем өндірісті шамамен 16 жылға дейін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Алдағы үш жылда кен қоры 365 млн тоннаға ұлғаяды деп күтілуде. Сонымен қатар мыс қорының көлемі де артып, өндірістік әлеуетті күшейтеді.

Барлау және бағалау жұмыстары Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлерінде, сондай-ақ қолданыстағы кеніштерден 100–200 шақырым радиуста орналасқан жаңа учаскелерде жүргізіліп жатыр. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдаланып, инвестициялық тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.

Компанияның 2026 жылға арналған өндірістік жоспарына сәйкес 31,7 млн тонна кен өндіру, 33,1 млн тонна кен өңдеу және 254,6 мың тонна мыс концентратын шығару көзделіп отыр.

Сонымен қатар бірқатар кен орындарын кеңейту және жаңғырту жобалары жүзеге асырылуда. Жезқазған өңірінде «Жыланды» және «Жомарт» кеніштерін дамыту, ал Балқаш аймағында «Қоңырат» кенішін жаңғырту жоспарланған.

Бұдан бөлек, «Құсмұрын» кенішін қайта іске қосу қарастырылып отыр. Бұл Қарағайлы байыту фабрикасын алдағы 10 жыл бойы шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Геологиялық барлау нәтижесінде Саяқ кен орнында 10 млн тонна кен қоры расталды. Бұл кен орнын пайдалануды 2031–2042 жылдарға дейін ұзартуға мүмкіндік береді.

Компания өкілдерінің айтуынша, жүргізіліп жатқан жұмыстар кен өндіру көлемін тұрақтандыруға және бірқатар кен орындарының пайдалану мерзімін 2032–2052 жылдарға дейін ұзартуға бағытталған.

Барлық жаңалықтар