QStart: Қазақмыс өндірістік қауіпсіздік бойынша жұмысшыларды оқытуда

QStart: Қазақмыс өндірістік қауіпсіздік бойынша жұмысшыларды оқытуда

Қазақмыс корпорациясы жұмысшылардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында Балқашта жаңа оқыту бағдарламасын іске қосты, деп хабарлайды Democrat.kz.

Қазақмыс корпорациясы қауіпсіздік жылы аясында Балқаш қаласындағы кадр даярлау орталығында өндірістік қауіпсіздік бойынша «QauipsizdikStart» кіріспе курсын бастады. Бұл бағдарламаны Балқаш пен Сәтбаев қалаларының мамандары арнайы әзірлеген.

8 сағатқа созылатын офлайн курс соңында жұмысшылар тест тапсырады. Жаңа бағдарлама қауіпті анықтау, тәуекелді бағалау, қорғаныс құралдарын қолдану және техникамен қауіпсіз жұмыс істеу сияқты негізгі ережелерді қамтиды. Сабақ барысында нақты өндірісте болған жағдайлар талданып, адам өміріне қауіп төнген сәтте жұмысты тоқтату құқығына ерекше назар аударылады.

Қазірдің өзінде 36 адам білімін жетілдірсе, алдағы аптада тағы 55 қызметкерді оқыту жоспарланып отыр. Болашақта компанияның негізгі жұмысшылары түгелдей кезең-кезеңімен осы курстан өтетін болады.

«Бағдарламаны жүзеге асыру өндірістік жарақаттану деңгейін төмендетуге, оқыс оқиғалардың алдын алуға және компанияның барлық бөлімшелерінде қауіпсіздік мәдениетін жүйелі түрде дамытуға ықпал етеді», – деп хабарлады Қазақмыс.

Барлық жаңалықтар