«Тегін екен деп баланы зорлап тамақтандыру керек пе?»: Мектеп асханасындағы асқа ата-аналар неге наразы?

«Тегін екен деп баланы зорлап тамақтандыру керек пе?»: Мектеп асханасындағы асқа ата-аналар неге наразы?

Қазақстан мектептерінде бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылған. Бірақ соңғы жылдары ата-аналардың бір бөлігі «тегін тамақтың сапасы төмен, балалар оны жемейді» деп қайта-қайта шағымданып келеді. Ең даулы мәселе – кей мектептерде оқушыларға асханадағы тамақты міндеттеп ішкізетіні туралы ата-аналардың сөздері. Заңда мұғалімге баланы тамақ жеуге мәжбүрлеу құқығы берілмеген. Керісінше, мектептің міндеті – сапалы, қауіпсіз ас ұсыну және баланың қадір-қасиетін құрметтеу, деп жазады Democrat.kz.

Қазақстанда 1–4 сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі. Бұл бастама баланың денсаулығын сақтау, дұрыс тамақтану дағдысын қалыптастыру және отбасылардың шығынын азайту үшін енгізілген. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, тегін ыстық тамақпен қамту бастауыш буынның барлығын қамтиды.

Бірақ «тегін тамақ» автоматты түрде «сапалы тамақ» дегенді білдіре ме?

Ата-аналардың шағымдарына қарасақ, мәселе әлі де өткір.

2023 жылы Алматыдағы ата-аналар мектеп асханасындағы тамақтың дәмсіз екенін, балалардың көбінің оны жемей, қоқысқа тастайтынын айтқан. Кейбірі сорпаның «су сияқты», котлет пен күріштің дәмсіз екенін, тіпті шіріген алма берілген жағдайларды да атаған.

2024 жылы Алматы облысындағы мектептердің бірінде ата-аналар қатырылған күріш, алдын ала дайындалған котлет, мерзімі өткен сүт жөнінде шағымданған. Кейбір ата-аналар балаларында іш ауруы мен құсу болғанын айтқан.

2025 жылы Алматыдағы №65 мектеп-гимназиясында ата-аналар лас ыдыс, көгерген қабырға мен асханадағы антисанитарияны видеоға түсіріп, прокуратура мен санитариялық қызметке жүгінген. Тексерістен кейін директорға тәртіптік жаза қолданылған.

Сол жылы Алматыдағы тағы бір мектепте балаларға бірінші ауысымнан қалған котлеттерді қайта жылытып берген деген ақпарат тарады. Мұғалім асханадағы жағдайды видеоға түсіріп, мәселе қоғамда үлкен дау тудырды.

Яғни ата-аналардың «балам асхананың тамағын жемейді» деген шағымын жай ғана «бала талғампаз» деп ысырып қоюға болмайды.

«Тамақты жеп қой!» деуге мұғалімнің құқығы бар ма?

Міне, мәселенің ең маңызды тұсы осы.

Қолданыстағы тамақтандыру қағидаларында мұғалім мен сынып жетекшісіне балаларды асханаға алып бару міндеті жүктеледі. Бірақ құжатта «оқушыға берілген тағамды міндетті түрде толық жегізу» деген норма жоқ.

Бұдан да маңыздысы – 2025 жылы Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова ата-ананың мектептегі тегін тамақтанудан бас тартуға және баласына үйден тамақ беруге құқығы бар екенін ресми түсіндірген.

Оның айтуынша, ата-ана мектеп басшылығына тегін тамақтанудан бас тартатынын хабарлап, баласына ланчбокс дайындап бере алады.

Бұл бір нәрсені анық көрсетеді: егер ата-ана тегін астан мүлде бас тартуға құқылы болса, баланы сол тамақты күшпен жеуге мәжбүрлеу туралы сөз болуы мүмкін емес.

«Тегін беріліп жатыр, жей сал» деген қисын дұрыс па?

Жоқ.

Тегін тамақ – қайырымдылық емес. Ол бюджет қаражатына ұйымдастырылатын мемлекеттік әлеуметтік шара.

Сондықтан оның тегін берілуі баланың сапаға деген құқығын жоймайды.

Керісінше, мектеп мәзірі санитариялық талаптарға сәйкес болуы керек. Бірдей тағамды қатарынан қайталауға болмайды, рационда ет, сүт өнімдері, көкөніс, нан, май секілді қажетті азықтар болуы тиіс. Бірқатар фаст-фуд, қуырылған және санитариялық тұрғыдан қауіпті тағамдарға тыйым салынған.

Мектеп асханасындағы тағам тек «қарын тойдыру» үшін емес, баланың жасына сәйкес, қауіпсіз әрі құнарлы болуы қажет.

Ал адами тұрғыдан ше?

Баланы «жейсің», «ішіп бітір», «тастама» деп қысымға алу даулы әрекет.

«Педагог мәртебесі туралы» заң бойынша мұғалім оқушының ар-намысы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті. Педагогикалық әдеп нормалары білім алушыға моральдық және психикалық қысым жасауға жол бермейді.

Әрине, мұғалім:

«Тамақтанып ал, аш қалма»,

деп кеңес бере алады.

Бірақ баланы ұялту, қорқыту, асханадан шығармай қою, «жемесең жаман болады» деп қысым жасау немесе еркінен тыс тамақтандыру – мүлде басқа мәселе.

Заңнан «мұғалім баланы тамақ жеуге мәжбүрлей алады» деген өкілеттік табылмайды.

Неге бала тамақты жемейді?

Бұл сұрақты да біржақты қарастыруға болмайды.

Бір бала белгілі бір тағамды ұнатпауы мүмкін. Екіншісінің тәбеті болмайды. Үшіншісіне тағамның иісі, температурасы немесе консистенциясы ұнамайды.

Бірақ бір сыныптағы немесе бір мектептегі балалардың басым бөлігі тұрақты түрде тамақтан бас тартса, бұл енді жеке баланың «еркелігі» емес.

Мұндай жағдайда мәселе ас мәзірі мен тағам сапасынан ізделуі тиіс.

Алматыдағы ата-аналардың бұған дейінгі пікірлері де осыған саяды. Бір ата-ана баласының мектепте тек компот ішіп, үйден алып барған бутербродын жейтінін айтса, енді бірі «мұндай тамақты ересек адам да жей алмайды» деген.

Тамақ төгілсе, кім жауапты?

Ата-аналардың тағы бір үлкен сұрағы – ысырап.

Мемлекет миллиондаған теңге бөліп, ас әзірлейді. Бала жемейді. Соңында дайын тамақ қоқысқа кетеді.

Мұндай жағдайда баланы кінәлау ең оңай жол.

Бірақ шын сұрақ басқа болуы керек:

Неге бала жемейді?

Ас мәзірін жасағанда оқушылардың талғамы зерттеле ме?

Тағамның дәмі, температурасы, сыртқы көрінісі бағалана ма?

Қанша тағамның қоқысқа кеткені есептеле ме?

Мәзір соған қарай өзгере ме?

Мектептегі тамақтандыру сапасын бақылау үшін арнайы комиссия құрылуы тиіс. Оның құрамына мектеп әкімшілігімен бірге ата-аналар комитетінің, қамқоршылық кеңестің және медицина қызметкерінің өкілдері кіреді. Комиссия дайын тағамның сапасын, сақтау жағдайын, ас мәзіріне сәйкестігін және асхананың санитариялық жағдайын тексеруге міндетті.

2026 жылдан бастап мұндай комиссия жұмысының қорытындысы ай сайын рәсімделіп, педагогикалық кеңесте қаралып, мектептің интернет-ресурсына орналастырылуы тиіс.

Ата-ана не істей алады?

Егер бала мектеп тамағын үнемі жемейтінін айтса, ең алдымен одан нақты себебін сұраған жөн.

«Дәмсіз» дегеннің артында не тұр?

Тамақ суық па? Шала піскен бе? Иісі жағымсыз ба? Үнемі бірдей ме? Әлде бала жай ғана белгілі бір тағамды ұнатпай ма?

Егер шағым бірнеше балада қайталанса, ата-аналар мектептің тамақ сапасын бақылау комиссиясына мәселе көтере алады. Күнделікті мәзірдің бекітілген перспективалық мәзірге сәйкестігін тексеруге болады. Қажет болса білім бөліміне, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органына немесе e-Otinish арқылы ресми өтініш жолдауға болады.

Ал ата-ана мектеп тағамынан мүлде бас тартқысы келсе, Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің ресми түсіндірмесіне сәйкес, баласына үйден тамақ алып жүруді ұйымдастыруға болады.

Баланы емес, тамақты тексерейік

Мектептегі тегін ас – жақсы әлеуметтік бастама.

Бірақ оның мақсаты қағаз жүзінде «пәлен бала тегін тамақтанды» деген көрсеткішті орындау емес.

Мақсат – баланың шынымен тамақтануы.

Егер жүздеген бала алдындағы асты жемей, қоқысқа төгіп жатса, «неге жемедің?» деп оқушыға ұрысу емес, «неге жегісі келмеді?» деп жүйеден сұрау керек.

Ал баланы сапасына күмәні бар немесе өзі қабылдағысы келмейтін тағамды күшпен жеуге мәжбүрлеу – тәрбиенің де, құқықтың да қисынына сай келмейді.

Мектептің міндеті – табақтағы асты кез келген жолмен тауыстыру емес. Баланың алдына өзі сүйсініп жейтін, қауіпсіз әрі сапалы тағам қою.

Дайындаған - Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.

Барлық жаңалықтар