"Тоқалды заңдастыру": Ең ауыр азапты балалар арқалайды

"Тоқалды заңдастыру": Ең ауыр азапты балалар арқалайды

Жуырда белгілі заңгер, Парламент мәжілісінің депутаты Абзал Құспанның тоқал алуды қоғам талқысына сала отырып, оны заңдастыру қажеттігін айтқаны белгілі. Сондай-ақ ол тіпті қажет болған жағдайда екінші әйелге де еркектен  алимент төлеу, балалар үшін жағдай жасауды талап ету құқығын беру керектігін алға тартты. Пайымдауынша, бұл әйел құқығын қорғайды-мыс. Осы ретте Democrat.kz. тілшісі бірді-екілі мамандарға шығып, пікірін сұрап білді. Сонымен, Қазақстанда екінші әйел алуға заң жүзінде рұқсат беру қажет пе? Бұдан кім ұтады, кім ұтылады? 

Бағдат Амандосұлы, заңгер: 

–  Меніңше, бізге мұндай заң қабылдаудың қажеті жоқ. Егер олай болған жағдайда әйел адамдардың құқығы бұзылып, қоғамда теңсіздік орнайды.

Ал заң мен сот алдында екеуі де тең емес пе?! Заңымызда адамдарды жынысына, нәсіліне, ұлтына, дініне қарап бөлмеу керектігі тайға таңба басылғандай жазылған.

Бұл кемсітушілік әрі ақылға қонбайтын әрекет. Өйткені адамдардың құқығы бұзылады. Пайғамбарымыз төрт әйел алды дегенді ескеріп, бәрін заңдастыра берудің қажеті жоқ.  

Егер заң жүзінде еркек екі әйел алды деген күннің өзінде, ол аяқасты өмірден өтіп кететін жағда артында қалған мүлікті бөлсу  үлкен дау тудырады. 
Тоқетеріне келер болсақ, екінші әйел алу Қазақстанда заңдастырылмайды.

Себебі ол заңға қайшы келеді. Бұл Абзал Құспанның айтқан өзіндік көзқарасы ғана. 
Екіншіден, екінші әйелді жағдайы бар азамат алады. Қалтасында көк тиыны жоқ адам оны қалай асырап бағып, жағдайын жасайды.

«Тоқтық ерді, жоқтық қызды» құртады деген. Сәйкесінше, тоқал болуға бекінген әйел де есепке салып, еркекің материалдық жағдайына қарайды. Мәселен, Тұрсынбек Қабатовтың жағдайы төмен дей алмаймыз ғой... 


Айкен Орынбасарқызы, психолог: 

– Еркектің сырттан екінші әйел табуы әйелін стресс пен депрессияға алып келеді. Ал анасының жай-күйі үйдегі балаларға да менталды әрі психологиялық тұрғыда ауыртпашылық алып келеді.

Себебі, тәрбиені анадан алатын болғандықтан, бала атаулы анаға жақ болады және әкеге анасының көзқарасымен қарайды. Бұл өсе келе оның өмірін тығырыққа тірейді.

Мәселен, қоғамда өзінің орынын таппауы мүмкін. Ал қыз балалардың бойында ер азаматтарға сенімсіздік қалыптастырады. Олардан үнемі қауіп көріп тұруы мүмкін. 

Жаратылысында әр бала ата-анасының қасында, яғни толыққанды отбасында өскенді қалайды. Жанұяда әкеден қолдау көрмеген бала оның орынын толтыру мақсатында лудоман немесе  наркоман болып кетуі ықтимал.

Сондықтан әр еркек сыртқа көз салып, екінші әйел алуға бел буғанда алдымен өзіне «бұл әйел маған не үшін қажет?» деген сұрақ қойғаны жөн. Статусын көтеру үшін бе, мақтан үшін бе, әлде рахат үшін бе? Ал оның соңы неге алып келеді? 

Бұрынғылар тоқалды жалғыз қалған әйелге қамқор болу мақсатында алғаны белгілі. Ал қазіргілер жағдайы жақсарса болды, жоқтықта демеу болған әйелін сырып қойып, сырттан ләзат іздеп кетеді.  

Ер азаматтарымыз осындай кезде адами қасиеттерін жоғалтпаса екен. Себебі бұдан айрандай ұйып отырған отбасының шырқы бұзылады.

Дайындаған: Динар КАМИЛОВА.

Барлық жаңалықтар