Әлеуметтік желіде өзін діни ғалым санап, дін тақырыбында пікір айтып жүрген Данияр Кенжеұлының әйел мен ерлі-зайыптылардың интимдік қарым-қатынасына қатысты жазбасы қызу талқыланып жатыр деп жазады Democrat.kz.
Данияр Кенжеұлы жариялаған жазбада әйелдің күйеуімен төсектес болудан бас тартуы ауыр күнә ретінде сипатталып, тіпті мұндай жағдай ер адамның өзге әйелге кетуіне немесе басқа келеңсіз әрекеттерге себеп болуы мүмкін деген ой айтылады.
Алайда бұл мәселе бір ғана діни қағидамен өлшенбейді.
Ең алдымен, қазіргі Қазақстан заңнамасы бойынша әрбір адамның, соның ішінде некедегі әйелдің де өз денесіне қатысты шешімді өзі қабылдауға құқығы бар. Неке – келісім. Ал келісім кез келген уақытта ерікті болуы тиіс.
Психологтардың айтуынша, әйелдің жақындастықтан бас тартуына ондаған себеп болуы мүмкін. Денсаулық мәселесі, босанғаннан кейінгі кезең, күйзеліс, отбасындағы жанжал, психологиялық қысым, күйеуінің дөрекі мінезі немесе эмоциялық суыну – мұның бәрі адамның интимдік өміріне әсер етеді.
Мұндай жағдайда мәселені "күнә" деп біржақты бағалау емес, оның себебін іздеу маңызды.
Қазақтың дәстүрлі отбасылық мәдениетінде де әйелді құрметтеу, оның көңіл күйін ескеру, мейірім мен сыйластық бірінші орында тұрған.
Желі қолданушыларды діндардың бұл "ақылы" әрине, ашуландырды. "Еркектер тек бір жерімен ойлайды деген осы ғой", "ажырасып, баланы қалдырып кет дегені сорақылық", "осы діндарлардың бір жерден басқа айтары жоқ" дегенге саятын пікір жазған жұрт реніш білдіруде.
Ал желіде талқыға түскен өз сөзіне қатысты Данияр Кенжеұлы: "Парақшаны қарағанда «Осы не айтады екен өзі?» деп, көтеріп жүрген мәселелерді әсіресе әйел құқығы жайлы шырылдап жүргенімізді неге көрмейді екенсіздер?! «Міне мына кісі әйелдердің мәртебесін Ислам шеңберінде түсіндіріп жатыр екен» деу жоқ. Бірақ қоғамда болып жатқан дертке жауап ретінде айтылған сөзді алып, жаман қылып көрсету норма. Сонда мақсат не, деймін де? Діни мәселе арқылы қаралым жинау ма? Дәл осы жауабымдағы жағдаят қоғамда жоқ дегіңіз келе ме сонда? Ешбір әйел себепсіз бас тартапай ма?"деп жауап берді.
"Жақсы әйел – ырыс, жақсы ер – тыныс" деген мақал ерлі-зайыптылардың бір-біріне жанашыр болуы керектігін меңзейді. Қазақ қоғамында әйелді күштеу немесе еркінен тыс әрекетке итермелеу ешқашан өнеге ретінде насихатталмаған.
Егер ерлі-зайыптылар арасында мұндай мәселе туындаса, оны айыптау арқылы емес, ашық әңгіме, өзара түсіністік, қажет болса психологтың немесе отбасы кеңесшісінің көмегі арқылы шешкен әлдеқайда дұрыс.
Отбасын сақтау жауапкершілігі тек әйелдің ғана емес, ер адамның да мойнында. Ерлі-зайыптылардың бақыты бір тараптың міндетімен емес, екі жақтың құрметі мен ерікті келісімі арқылы қалыптасады.
Қоғамға ықпал ететін адамдар мұндай нәзік тақырыптарды қозғағанда, адамдардың ар-ожданына ғана емес, олардың құқығы мен психологиялық жағдайына да жауапкершілікпен қарауы қажет сияқты, қалай ойлайсыз?
Дайындаған Ұлжан БАҚЫТҚЫЗЫ.
