1 қыркүйектен бастап Алматыда бензинмен, газбен және дизельмен жүретін көліктердің зиянды шығарындылары жеке тексеріледі. Экологиялық тексеруден өтпеген автомобиль кезекті техникалық байқаудан өте алмайды, деп жазады Democrat.kz.
Жаңа талап Алматыдағы төмен шығарындылар аймағы — LEZ жобасының бір бөлігі.
Көліктің жасы немесе зауыттан берілген экологиялық класы негізгі көрсеткіш болмайды. Мамандар автомобильдің нақты шығарындыларын өлшейді.
Тексеру СТ РК 1433-2023 ұлттық стандарты бойынша жүргізіледі.
Қазір қалада мұндай тексеруді өткізе алатын 20 аккредиттелген станция дайындалған. Олардың санын жыл соңына дейін көбейту жоспарланған.
Алдын ала есеп бойынша экологиялық тексеріс құны кәдімгі техникалық байқау бағасының шамамен үштен бірін — 3–4 мың теңге көлемін құрауы мүмкін.
LEZ аймағына экологиялық талапқа сәйкес келмейтін көліктердің кіруіне байланысты айыппұлдар әзірге салынбайды. Алматы әкімдігінің түсіндіруінше, тиісті талаптар 2027 жылғы 8 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Пилоттық LEZ аймағы қазір қала орталығында — Бөгенбай батыр, Абай, Желтоқсан және Достық көшелері арасындағы аумақта жұмыс істейді.