"Боди массаж дауы": Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты тағы бір масқара жайт белгілі болды

"Боди массаж дауы": Актер Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты тағы бір масқара жайт белгілі болды

Актер әрі әзілкеш Нұрсұлтан Жақсыген мен оның бұрынғы жұбайы Фариза Алмазқызы арасындағы ұзаққа созылған дау енді сотта қаралып жатыр. Фариза бұрынғы күйеуі өзіне және отбасына тіл тигізіп, ар-намысына нұқсан келтіретін ақпарат таратты деп айыптайды. Ал Нұрсұлтан Жақсыген әлеуметтік желідегі даулы жазбалардың бір бөлігін өзі жазбағанын айтып отыр, деп жазады Democrat.kz.

Алматы облысы Қарасай аудандық сотында Нұрсұлтан Жақсыгенге қатысты қылмыстық іс қаралуда. Ашық деректерге қарағанда, оған онлайн-платформаларды пайдаланып көрінеу жалған ақпарат таратты деген айып тағылған. Егер кінәсі дәлелденсе, заңда 3 000 АЕК-ке дейін айыппұл, 800 сағатқа дейін қоғамдық жұмыс, үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру жазасы қарастырылған. Қазір актер үйқамақта.

Фариза Алмазқызының айтуынша, бұрынғы жұбайы ажырасқаннан кейін де оны тыныш қалдырмаған. Ол өзіне ғана емес, ата-анасына және отбасы мүшелеріне де қорлайтын сөздер айтылып, беделіне нұқсан келтіретін ақпараттар тарағанын мәлімдеген.

«Ұзақ уақыт бойы сабыр сақтап, мұның бәрі тоқтайды деп үміттендім», – деген Фариза кейін Қарасай аудандық полиция басқармасына арыз түсірген. Осыдан кейін сотқа дейінгі тергеу басталған.

Фариза қылмыстық іс аясында Нұрсұлтан Жақсыгеннің кешірім сұрағанын да айтқан. Алайда ол бұл кешірімді қабылдамай, істің сотта қаралуын талап еткен.

Бұған дейін актердің өзі де бұрынғы әйелінен кешірім сұрағанын ашық айтқан. 2025 жылы телебағдарламада ол Фаризаға бірнеше рет барып, кешірім сұрағанын айтып, эфир кезінде көзіне жас алған. Фариза сол кезде оны кешіргенін, бірақ қайта қосылмайтынын мәлімдеген еді.

Алайда қазіргі сот процесіндегі даулы жазбаларға келгенде актердің ұстанымы басқа.

Журналист Руслан Өтепбай сот ғимаратында Нұрсұлтан Жақсыгенге Фариза жариялаған скриншоттарды көрсеткен. Олардың бірінде әйел туралы «боди массаж жасайды» деген интимдік сипаттағы ақпарат жазылған.

Нұрсұлтан бұл сөздің өзіне тиесілі екенін жоққа шығарды.

«“Боди массаж жасайды” деп жазған мен емес», – деді ол. Сондай-ақ бұрынғы әйелінің отбасы туралы кейбір қорлайтын жазбаларды да өзге адамдар жазған болуы мүмкін екенін алға тартты.

Актердің сөзінше, әлеуметтік желіде оның атымен ашылған бірнеше жалған парақша бар. Ол өзінің WhatsApp нөміріне де шабуыл жасалғанын айтып, даулы хабарламалардың авторын арнайы сараптама арқылы анықтауды сұраған.

Жақсыгеннің адвокаты Тілеужан Кішкенебаев та бұл мәселеде парақшаның нақты кімге тиесілі екенін анықтау қажет деген ұстаным білдірді.

«Нұрсұлтан жасаған болса, заң бойынша тиісті жазасын алады. Егер оған күйе жағылып жатса, оны да анықтау керек», – деді қорғаушы.

Ал Фариза Алмазқызы актердің бұл түсініктемелерімен келіспейді. Оның айтуынша, екі жыл ішінде жинақталған жазбалар мен басқа да материалдардың барлығы құзырлы органдарға тапсырылған. Ол соттан істі толық қарап, нақты құқықтық баға беруді сұрап отыр.

Соттағы тағы бір назар аудартқан жайт – Нұрсұлтан Жақсыгеннің кей жазбаларды есіне түсіре алмайтынын немесе оларды өзі жазбағанын айтуы. Бұған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары актердің бұрын тікелей эфирлерде айтқан сөздерін еске салып, оның қазіргі түсініктемесін қызу талқылап жатыр.

Әзірге соттың түпкілікті үкімі шыққан жоқ. Сондықтан Фариза Алмазқызының айыптаулары да, Нұрсұлтан Жақсыгеннің оларды жоққа шығаруы да сотта дәлелденген түпкілікті факт емес. Іс бойынша соңғы құқықтық бағаны сот береді.

Барлық жаңалықтар