Қазақстанда кәсіби міндетін атқару кезінде шабуылға ұшыраған медицина қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығын арнайы сақтандыру ұсынылды. Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген жоба 16 қыркүйекке дейін қоғамдық талқылауда болады, деп жазады Democrat.kz.
Денсаулық сақтау министрлігі медицина қызметкерлерін сақтандыру механизмдерін кеңейтетін бұйрық жобасын «Ашық НҚА» порталында жариялады.
Қазір медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыру жүйесі бар.
Жаңа ұсыныс олардың кәсіби қызмет атқару кезінде өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды да қамтуды көздейді.
Яғни дәрігерге немесе басқа медицина қызметкеріне жұмыс орнында шабуыл жасалып, денсаулығына зиян келсе, сақтандыру төлемін алу мүмкіндігі қарастырылмақ.
Бұл бастама Қазақстанда медицина қызметкерлеріне шабуыл жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік күшейтілгеннен кейін ұсынылып отыр.
Жоба 16 қыркүйекке дейін талқыланады. Сондықтан ұсынылған механизм әзірге түпкілікті қабылданған ереже емес.