Мемлекет басшысы Жоғары аудиторлық палатаның биылғы алғашқы жартыжылдықта атқарған жұмысының қорытындысы туралы есепті тыңдады.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, аталған кезеңде сомасы 5,8 триллион теңгені құрайтын 13 ірі мемлекеттік аудит жүргізілген.
Мемлекет басшысының бюджет үдерісін жетілдіру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында ұлттық заңнамаға Жоғары аудиторлық палатаның бастамасымен бірқатар өзгеріс енгізілді. Атап айтқанда, макроэкономикалық болжам қалыптастырудың жаңа ережесі қабылданып, мемлекет қаражатын жұмсауға қатысты қазыналық бақылау күшейтілді және төртінші тоқсанда бюджетке түзету енгізуге тыйым салынды.
Әлихан Смайыловтың баяндамасына сәйкес, биыл екінші жартыжылдықта 20 мемлекеттік аудитті аяқтау жоспарланған. Оның төртеуі Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша қолға алынған. Яғни Шымкент қаласына, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарына, сондай-ақ фармацевтикалық өнім өндірушілерді қолдау тетіктеріне тексеру жүргізіледі.