«Қазақмыс» корпорациясында 2026 жылға арналған өндірістік қауіпсіздік және еңбекті қорғау жоспары бекітілді. Бағдарлама өндірістік үдерістерді, техникалық тексерулерді және негізгі кеніштердегі тәуекелдерді талдау нәтижесінде әзірленген.
Жезқазған өңірінің еңбек ұжымымен өткен кездесуде компания басшылығы қауіпсіздік мәселесін дамудың басты басымдығы ретінде белгіледі.
2026 жылы компания жекелеген шаралармен шектелмей, тәуекелдерді жүйелі басқару тәсіліне көшеді. Осыған байланысты жұмысты ұйымдастыру, операцияларды орындау стандарттары, қызметкерлерді оқыту және бақылау құралдары жаңартылады.
Өндірістегі ең күрделі бағыттардың бірі ретінде жерасты жұмыстарының қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Қауіпсіздік мәселесі техника жаңарту, инвестиция тарту және геологиялық барлау жұмыстарымен қатар қарастырылады.
Бағдарлама аясында стандартты операциялық рәсімдер (СОР) енгізіледі. Бұл бірыңғай алгоритмдер қателер санын азайтып, адам факторының ықпалын төмендетуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар компания қызметкерлерді оқыту бағдарламаларын кеңейтіп, қауіпсіздік мәдениетін дамытуға бағытталған ақпараттық жұмыстарды күшейтеді. Оқыту бейнематериалдары, баннерлер, плакаттар және цифрлық коммуникация құралдары қолданылады.
Жаңа бастамалардың бірі ретінде ауысым алдындағы медициналық бақылаудың автоматтандырылған жүйесі пилоттық жоба ретінде іске қосылады. Бұл қызметкерлердің жұмысқа дайындығын бағалап, денсаулыққа байланысты тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік береді.
Компания әрбір жұмыскердің өмірі мен денсаулығына қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығын тағы да растады.