Қазақмыс 2026 жылы 31,6 млн тонна кен өндіруді жоспарлап отыр

Қазақмыс 2026 жылы 31,6 млн тонна кен өндіруді жоспарлап отыр

Жезқазған қаласында «Қазақмыс» корпорациясының басқарма төрағасы Руслан Өскенәлінің төрағалығымен жұмыс жиналысы өтіп, компанияның 2026 жылға арналған негізгі даму бағыттары талқыланды. Кездесуге компания басшылығы мен кәсіпорындардың еңбек ұжымдары қатысты.

Жиын барысында өндірістік қауіпсіздік мәдениетін дамыту басты басымдық ретінде аталды. Жұмыскерлерге адамның өмірі мен денсаулығына немесе жабдыққа қауіп төнген жағдайда жұмысты тоқтату құқығы бар екені ескертілді.

2026 жылы қауіпсіздікті дамыту үшін бірқатар шаралар жоспарланған. Олардың қатарында қауіпсіздікке инвестиция тарту, арнайы киімнің бірыңғай стандартын енгізу, оқыту бағдарламаларын жетілдіру, медициналық тексеруді автоматтандыру және өндірістік рәсімдерді стандарттау бар.

Сонымен қатар минералдық-шикізаттық базаны дамыту және геологиялық барлау жұмыстарын күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. 2025 жылы Micromine бағдарламасы арқылы бес кеніште аудит жүргізіліп, оның нәтижесінде жаңа цифрлық құралдарды енгізу және мамандарды оқыту туралы шешім қабылданды.

Жиналыста арнайы техниканы 3–5 жыл сайын жаңарту, техника паркін біріздендіру және стратегиялық серіктестермен жұмыс істеу мәселелері де қарастырылды.

Жезқазғанда Орталық Азиядағы алғашқы геологиялық кластердің жұмысына да ерекше назар аударылды. Аумағы 14 мың шаршы метр болатын кешенде зертханалар, оқу орталығы, кітапхана және керн сақтау қоймасы орналасады.

Компанияның 2026 жылға арналған өндірістік жоспарына сәйкес 31,6 млн тонна кен өндіру және шамамен 33 млн тонна кен өңдеу көзделіп отыр.

Сонымен қатар Жезқазған, Қарағанды және Балқаш өңірлерінде, сондай-ақ Шатыркөл–Жайсаң кластерінде бірқатар даму жобаларын іске асыру жоспарланған.

Экология мәселесі де компания үшін стратегиялық бағыт болып қала береді. Осы мақсатта өндірістік кәсіпорындарда газ тазалау және аспирациялық жүйелерді жаңғырту бойынша ондаған жоба іске асырылмақ.

Барлық жаңалықтар