Қазақмыс өндірістік әлеуетті арттыру жоспарын жариялады

Қазақмыс өндірістік әлеуетті арттыру жоспарын жариялады

«Қазақмыс» корпорациясында Жезқазған тау-кен өндірісінің Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған және Батыс кеніштерінің еңбек ұжымымен жұмыс кездесуі өтті. Көшпелі кеңесті басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Саят Бакиров жүргізді.

Кездесу барысында еңбек қауіпсіздігі, инвестиция және өндірістік әлеуетті арттыру мәселелері талқыланып, компанияның және өңірдің болашақ даму стратегиясы таныстырылды.

Жиында еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Қазіргі өндірістік тәуекелдер мен оларды азайту шаралары қарастырылып, қауіпсіздікті басқаруда жүйелі жұмыс пен әр қызметкердің жеке жауапкершілігі маңызды екені атап өтілді.

Сонымен қатар Жезқазған өңірінің кеніштері жылды оң өндірістік динамикамен бастағаны айтылды. Бұл өткен жылы жүргізілген ауқымды жөндеу жұмыстарының нәтижесі екені атап өтілді.

Кездесу барысында геологиялық барлау жұмыстарына басымдық берілетіні хабарланды. 2026 жылы шамамен 78 мың қума метр көлемінде жер үсті бұрғылау жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр. Бұл жаңа қорларды анықтап, өндірістік қуатты толықтыруға мүмкіндік береді.

2026–2027 жылдары Оңтүстік Жезқазған, Шығыс Жезқазған және Батыс кеніштерінде инженерлік коммуникацияларды жаңарту жоспарланған. Бұл шамамен 7 млн тонна кен өндіруге жағдай жасап, геомеханикалық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар өндірісті дамыту үшін тау-кен техникасын жаңарту жоспарланып отыр. Инвестициялық бағдарлама аясында 40 өздігінен жүретін техника сатып алу көзделген.

Кездесу соңында жұмыскерлер жерасты радиобайланысын жаңарту, көліктерді жаңғырту және бұрғылау жабдықтарын жөндеу мәселелерін көтерді. Ұсыныстардың бір бөлігі инвестициялық бағдарламаға енгізілді.

Барлық жаңалықтар