«Қазақмыс» тобында өндірістік арнайы киімнің бірыңғай стандартына кезең-кезеңмен көшу жалғасып жатыр. Жаңартылған арнайы киім үлгілері жер үсті және жерасты жұмыстарындағы нақты еңбек жағдайларын ескере отырып әзірленген.
Жаңа стандарттың басты мақсаты – жұмыскерлерге ыңғайлы, сенімді әрі функционалды арнайы киім ұсыну. Өндіріс алаңында қызметкерлердің анық көрінуі үшін киімнің түсі өзгертілді.
Сондай-ақ ыңғайлылық үшін түйменің орнына сыдырма мен батырма жүйесі қолданылды. Шаң мен суықтан жақсы қорғау үшін қайырма жаға тік жағаға ауыстырылып, шалбардың бел тұсына қосымша жылы қабат енгізілді. Бұл әсіресе жерасты жұмыстарында маңызды.
Бұдан бөлек, жаңа арнайы киімде құралдарға арналған қосымша қалталар және ауа алмасуды қамтамасыз ететін вентиляциялық элементтер қарастырылған.
Жаңартылған арнайы киім стандартын енгізу кейбір өндіріс алаңдарында 2025 жылы басталды, ал 2026 жылғы 1 наурыздан бастап жаңа үлгі Жезқазған тау-кен өндірісінің кәсіпорындарына енгізіледі.
Компания өкілдерінің айтуынша, бұл жаңашылдықтың негізгі мақсаты – жұмыскерлердің қауіпсіздігі мен күнделікті жұмысындағы жайлылықты арттыру.