Астанада алмасу бағдарламасымен білім алып жүрген Қырғызстанның екі студенті қазақ халқының тарихына қатысты айтқан сөздері әлеуметтік желіде үлкен дау туғызғаннан кейін арнайы видеоүндеу жасап, кешірім сұрады, деп жазады Democrat.kz.
Оқиға студенттердің Чат-Рулетка платформасындағы әңгімесі кезінде болған. Қыздардың бірі қазақтар мен қырғыздардың тарихы, тілі және салт-дәстүрі жөнінде пікір білдіріп, «қазақтар кейінірек пайда болды», «көп нәрсе қырғыздардан қазақтарға өткен» деген мазмұнда сөз айтқан.
Ол сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты пікірінде «ханның басын қайтармау» мәселесін қозғап, мұны көшпелі дәстүрмен байланыстырған.
Видео желіге тарағаннан кейін қазақстандық қолданушылардың наразылығы күшейді. Пікір білдірушілердің бір бөлігі студенттердің сөзін қазақ халқын кемсіту деп бағалап, оларға құқықтық баға беруді, тіпті Қазақстаннан шығаруды талап етті.
Дау ушыға бастаған соң студенттер Арууке мен Медина видеоүндеу жариялады.
«Құрметті бауырлас қазақ халқы, интернетте тарап жатқан видеода айтылған сөздеріміз үшін шын жүректен кешірім сұраймыз. Қандай жағдай болмасын, басқа халықтың намысына тиетін сөз айтуға болмайды. Өз жауапкершілігімізді түсінеміз және мұндай жағдай енді қайталанбайды», – деді олар.
Студенттер әңгіме барысында блогер тарапынан арандатушылық сипаттағы сұрақтар болғанын айтқанымен, мұның өз сөздерін ақтамайтынын мойындады.
Бұған дейін эфирге қосылған өзін қазақстандық ретінде таныстырған азамат қыздардың Астанаға Бішкектен алмасу бағдарламасымен келгенін анықтап, олардың сөзі университет пен Қырғызстан елшілігіне дейін жетуі мүмкін екенін ескерткен.
Осыдан кейін қыздар тікелей эфирден шығып кеткен.
Қазір видео Threads және басқа әлеуметтік желілерде кең тарап, қызу талқыланып жатыр. Көпшілік студенттердің кешірім сұрауын дұрыс қадам деп бағалағанымен, шетелде білім алып жүрген азаматтың ұлтаралық және тарихи тақырыптарда жауапкершілікпен сөйлеуі керектігін айтып отыр.
Әзірге Астана полициясы бұл жағдайға қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ.